Нигерияда су тасқынынан түрмедегі тұтқындар қашып кетті
Нигерияда су тасқынының салдарынан түрме қабырғалары құлап, 281 тұтқын қашып кетті.
South China Morning Post хабарлауынша, оқиға елдің солтүстік-шығысындағы Майдугури қаласындағы түрмеде болған, 7 адам қауіпсіздік қызметі тарапынан ұсталған.
Майдугури — кейінгі онжылдықтағы ең күшті су тасқынына ұшыраған Борно штатының астанасы. Қатты жауын-шашын бөгеттің жарылуына әкеліп, мемлекеттік хайуанаттар бағы қираған. Су ағыны қолтырауындар мен жыландарды тұрғын аймақтарға әкеліп тастаған.
Елдің Төтенше жағдайлар агенттігінің мәліметінше, су тасқынының салдарынан кемінде 30 адам қаза тауып, тағы бір миллион адам зардап шеккен, жүз мыңдаған адам лагерьлерге көшуге мәжбүр болған.