Нигерияда 40-қа жуық кенші қаза тапты
Нигерияның орталығындағы Плато штаты аумағында орналасқан қорғасын мен мырыш кенішінде көміртек тотығының таралуы салдарынан кемінде 37 кенші қаза тапты.
BBC хабарлауынша, қайғылы оқиға «Solid Unity Nigeria Ltd» тау-кен компаниясы басқаратын кешенде таңертең болған. Газ жер астындағы жеткілікті желдетілмейтін туннельде жиналған. Жұмысшылар түнгі ауысым кезінде уланып қалған.
Оқиға туралы алғаш болып таңертең жұмысқа келген қызметкерлер хабарлаған. 20-дан астам кенші құтқарылып, шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген.
BBC тілшісіне сұхбат берген жергілікті тұрғындардың айтуынша, қаза тапқандар 20 мен 40 жас аралығындағы ер адамдар болған. Қазіргі уақытта төтенше жағдайдың себебін анықтау үшін тергеу жүргізілуде.
Айта кетсек, Нигерияда мұндай апатты оқиғалар жиі тіркеліп тұрады.