Нигерия мен Конго елдері Қазақстаннан спутник сатып алу үшін алдын ала төлем жасады.
KAZINFORM мәлімеьінше, бұл туралы жыл қорытындысына орай БАҚ өкілдерімен кездескен Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев айтты.
- Бізде әлемдегі ең үлкен ғарыш айлағы – Байқоңыр орналасқан. Airbus-пен ынтымақтастықта «Ғалам» құрастыру-сынау кешені бар. Онда қазақстандық спутниктерді өндіреміз. Бұл бізге өзіміздің халықаралық спутниктік тобымызды дамытуға мүмкіндік береді. Бүгінде Қазақстан үшін жерді қашықтан зондтау 3 спутнигін жасау бағытында жұмыс істеп жатырмыз. – деген ол.
Оның айтуынша, Қазақстан спутниктерін өзге елдерге экспорттау үшін де бірнеше келісімшарт жасалған.
- 2025 жылы Конгомен және Нигериямен экспорттық келісімшарт жасалды. Бүгінде біз аталған спутниктер үшін алдын ала төлем алдық. Яғни, бұл тарихи оқиға деп санаймын, - деген Жаслан Мәдиев.