Қазақстанның Ақтау қаласында Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы – ТҮРКСОЙ кеңесінің 42-отырысы өтті.
Жиынға Өзбекстан Республикасының мәдениет министрі Озодбек Назарбеков, Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Түркіменстанның мәдениет министрі Атагелді Шамирадов, Әзербайжанның мәдениет министрінің орынбасары Мурад Гусейнов, Қырғыз Республикасының мәдениет, ақпарат және жастар саясаты министрінің бірінші орынбасары Аскарәлі Мадаминов, Түркия Республикасының мәдениет және туризм министрінің орынбасары Сердар Чам және ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев қатысты.

Отырыста ТҮРКСОЙ-дың биыл атқарған жұмыстары қорытындыланып, 2026 жылы өткізілетін мәдени іс-шаралар жоспары, ортақ жобалар және түркі әлемінің мәдени ынтымақтастығын одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, Түркі мемлекеттері ұйымының Габала қаласындағы саммитінде қабылданған «ТҮРКСОЙ ұйымын дамыту және нығайту туралы» шешімді іске асырудың маңызы ерекше атап өтілді.

Өзбекстан мәдениет министрі Озодбек Назарбеков бұл құжаттың стратегиялық мәніне тоқталып, оның жүзеге асуы ТҮРКСОЙ-дың халықаралық ұйым ретіндегі беделін арттыра түсетінін атап өтті. Министр бірқатар тың ұсыныстар мен жаңа бастамалар да көтерді.

Жиын барысында жыл сайын түркі елдерінің бір қаласына берілетін «Түркі әлемінің мәдени астанасы» мәртебесінің маңызы кеңінен сөз болды. Бұл атаққа ие қалада жыл бойы түрлі фестивальдер, мәдени бағдарламалар, ғылыми конференциялар мен шығармашылық кездесулер ұйымдастырылып, ұлттық мәдениетті әлемдік деңгейде насихаттауға кең жол ашылады. Сонымен қатар, мұндай жобалар халықаралық туризмнің дамуына да зор серпін береді.
Осыған орай, ТҮРКСОЙ кеңесінің шешімімен Әндіжан қаласы 2026 жылы «Түркі әлемінің мәдени астанасы» деп жарияланды. Бұл жаңалық кеңес қатысушылары тарапынан ерекше қуанышпен қабылданды.

Салтанатты жабылу рәсімінде Әндіжан қаласының әкімдігіне мәртебені растайтын арнайы сертификат табысталды. Отырыстың соңында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданып, құжаттарға қол қойылды.