Үндістанның солтүстігінде автобус сайға құлап, 10 адам қаза тапты
Үндістанның солтүстігінде Джамму-Сринагар тас жолында жолаушылар автобусы шатқалға құлап, 10 адам қаза тапты.
ANI ақпарат агенттігінің хабарлауынша, автобус Амритсар қаласынан Катраға жолға шыққан. Апат Катрадан 15 шақырым жерде орын алып, оқиға салдарынан 55-ке жуық адам жарақат алған.
«Он адам қаза тауып, 55-ке жуық адам жарақат алды. Барлығы (жолаушылар – ред.) эвакуацияланды. Құтқару операциясы аяқталуға жақын», - деген жергілікті полицияның бас инспекторы Чандан Кохли.
Басылым дерегінше, зардап шеккендердің барлығы ауруханаға жеткізілген. Құтқару операциясына әскери жасақ пен Төтенше жағдайға қарсы әрекет ету мемлекеттік қызметі (ТЖҚҚ) қатысқан.