Нью-Дели теміржол вокзалында болған адам кептелісі салдарынан қаза тапқандардың қатарында бес бала да бар. Қазіргі уақытта полиция оқиғаға қатысты тергеу жүргізуде.
Үндістанның Нью-Дели теміржол вокзалында жолаушылардың пойызға отыру кезінде туындаған кептеліс салдарынан кемінде 18 адам қаза тапты, деп хабарлайды NDTV телеарнасы.
«Нью-Дели теміржол станциясында жолаушылардың пойызға отыруға ұмтылуы салдарынан орын алған кептелісте кемінде 18 адам, оның ішінде 11 әйел мен 5 бала қаза тапты, ондап адам жарақат алды», – делінген хабарламада.
Оқиға Prayagraj Express пойызы жөнелтуге дайындалып жатқан кезде, 14-платформада адамдардың шамадан тыс көп жиналуынан орын алған. Жолаушылардың көпшілігі Праяграж қаласына баратын пойызды күтіп тұрған, өйткені дәл осы күндері Үндістанда ірі діни фестиваль атап өтілуде.
Сонымен қатар, Swantrata Senani Express және Bhubaneshwar Rajdhani Express пойыздарының кешігуі салдарынан 12, 13 және 14-платформалар шамадан тыс адамға толып кеткен.
Үндістанның премьер-министрі Нарендра Моди орын алған қайғылы оқиғаға байланысты қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтып, жарақат алғандардың тезірек сауығып кетуін тіледі.
Қазіргі таңда полиция оқиғаға байланысты тергеу амалдарын жүргізуде.
Еске сала кетейік, осыған дейін, қаңтар айының соңында Үндістанның Уттар-Прадеш штатында Кумбх Мела діни фестивалі кезінде орын алған осындай адам кептелісінде кемінде 30 адам қаза тапқан еді.