Үндістанда «Тауктае» циклонының салдарынан сегіз адам қаза тапты
Сенбі күні Үндістанның оңтүстік-батыс жағалауында басталған тропикалық «Тауктае» циклоны салдарынан Оңтүстік Азияның оңтүстік-батысындағы бірнеше штатқа қатты жаңбыр жауып, кем дегенде сегіз адам қаза тапты. Бұдан бөлек 150 мыңнан астам адам эвакуацияланып, 23-тен астам адам із-түссіз жоғалған.
Үндістан метеорологиялық департаментінің хабарламасында, «24 сағат ішінде бұл құбылыстың қарқындылығы артып, 17-сі күні кешке Гуджарат жағалауына қарай солтүстікке және солтүстік-батысқа қарай жылжиды» делінген.
Араб теңізінде пайда болған циклон салдарынан Мумбай әуежайы біраз уақытқа дейін барлық ұшуларды тоқтататынын мәлімдеді. Су тасқыны жүрген аймақтарда дүйсенбі мен сейсенбіде коронавирустық вакцинация науқаны тоқтатылады.