Үндістанда болған әуе апатында 7 адам қаза тапты
Үндістанның Джаркханд штатында бортында науқас пен медицина қызметкерлері болған шағын ұшақ апатқа ұшырады.
Оқиға штаттың Чатра ауданында болған. Жергілікті полиция мәліметінше, апат салдарынан ұшақтағы барлық 7 адам көз жұмған.
Redbird Airways әуе компаниясына тиесілі Beechcraft C90 ұшағы Ранчи қаласынан Нью-Дели қаласына бағыт алған. Ұшақ денесінің 60 пайызы күйік шалған 41 жастағы ер адамды мамандандырылған медициналық көмек көрсету үшін ел астанасына алып бара жатқан еді.
Үндістанның азаматтық авиация бас басқармасының мәліметіне сәйкес, ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін 23 минут өткен соң байланысқа шықпай қалған және радардан жоғалып кеткен. Алдын ала болжам бойынша, қайғылы оқиғаға қолайсыз ауа райы себеп болуы мүмкін.