Үндістан тарапы «Синдур операциясын» бастап, Пәкістан аумағындағы нысандарға зымыран соққыларын жасады. Пәкістан «жауап шаралары қабылданатынын» мәлімдеді.
7 мамырға қараған түні Кашмирдің Пәкістанға қарасты бөлігінде жарылыстар болды. Түн ортасынан кейін Музаффарабад қаласының маңына зымыран соққылары жасалған.
Жарылыстардан кейін қалада электр энергиясы сөнген.
Үндістан үкіметі Пәкістандағы «террористік» инфрақұрылымдарға соққы берілгенін хабарлады. Аталғандай, Үндістан «Синдур операциясы» аясында тоғыз нысанға шабуыл жасаған. Мәліметтерге қарағанда, үнді тарапы «жер-жер» санатындағы баллистикалық зымырандарды қолданған.
«Үндістан Қарулы күштері лаңкестердің лагерьлеріне соққылар жасады. Пәкістанның әскери нысандарына шабуыл жасалған жоқ», — делінген Үндістан Қорғаныс министрлігінің хабарламасында.
Пәкістан Қорғаныс министрлігі Үндістанның ел аумағына зымыран соққыларын жасағанын растады. Өз кезегінде Пәкістан «жауап шаралары қабылданатынын» атап өткен.
Осы жағдайдан кейін Пәкістан өз әуе кеңістігін барлық рейстер үшін 48 сағатқа жапты.
Үндістан мен Пәкістан арасындағы қарым-қатынас соғыс шегіне жетіп отыр. 22 сәуір күні Үндістанның Джамму мен Кашмир штатындағы туристер арасында танымал Пахалгам қаласында қарулы содырлар 26 адамды өлтірген. Бұл теракт үшін Кашмирдің Пәкістан бақылауындағы аумағында орналасқан содырлар тобы жауапкершілікті өз мойнына алды. Үндістан үкіметі оқиғаға қатысты ішінара кінәні Пәкістанға артты. Осыдан кейін Үндістан Пәкістанмен шекараны жапты және Пәкістан азаматтарынан елден шығуын талап етті.