Үндістан соңғы бірнеше сағат ішінде Пәкістанмен арада қол жеткізілген атысты тоқтату келісімінің бірнеше рет бұзылғанын тіркеп, Исламабадты келісім талаптарын сақтау мен жауапкершілік танытуға шақырды. Бұл туралы Үндістан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Викрам Мисри брифинг барысында мәлімдеді.
– Соңғы бірнеше сағат ішінде Үндістан мен Пәкістан әскери өкілдері арасындағы келісім бірнеше мәрте бұзылды, – деді Мисри. – Біз Пәкістанды бұл заңбұзушылықты жою үшін қажетті шаралар қабылдап, жағдайға байыппен әрі жауапкершілікпен қарауға шақырамыз.
Айта кетейік, бұған дейін Жаңа Дели мен Исламабад атысты тоқтату жөнінде келісімге келген болатын. Жергілікті уақыт бойынша сағат 15:35-те Пәкістан Қарулы күштері штабының бастығы үнділік әріптесіне қоңырау шалып, екі тарап үндістандық стандартты уақыт бойынша 17:00-ден бастап құрлық, әуе және теңіз бағыттарында оқ ату мен әскери әрекеттерді тоқтату туралы уағдаласқан. Алайда арада бірнеше сағат өткен соң, Джамму, Кашмир және Пенджабтың бірнеше қаласында дрондардың ұшқаны байқалды, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі іске қосылды, электр жарығы өшірілді.