Үндістан Кашмирдегі теракттен кейін «Үнді өзені туралы келісімді» тоқтатты және Пәкістан әскери кеңесшілерін «персона нон грата» деп жариялады.
Press Trust of India (PTI) агенттігінің хабарлауынша, бұл шешім Кашмирдің Пахалгам қаласында орын алған террорлық шабуылдан кейін қабылданған.
Үндістанның сыртқы істер министрі Викрам Мисри жағдайдың егжей-тегжейін баяндады. Оның айтуынша, Дели қаласындағы Пәкістан елшілігінде жұмыс істейтін әскери кеңесшілер елден бір апта ішінде кетуі тиіс.
Министрдің сөзіне қарағанда, 1960 жылы Үндістан мен Пәкістан арасында қол қойылған «Үнді өзені туралы келісім» тоқтатылды.
«Бұл келісім Пәкістан трансшекаралық терроризмді қолдаудан сенімді және қайтарымсыз түрде бас тартпайынша, дереу тоқтатылады», — деді Викрам Мисри.
Сонымен қатар, Вагах-Аттари шекара өткелі жабылды. Бұл өткел арқылы Үндістанға өткен адамдарға 1 мамырға дейін дәл сол бағытпен қайтуға мүмкіндік берілді.
Бұдан бөлек, Пәкістан азаматтарына Оңтүстік Азия Аймақтық Ынтымақтастық Ұйымының (SAARC) аясында берілетін кең көлемді визалар арқылы Үндістанға кіруге тыйым салынды. Мұндай визасы бар пәкістандықтарға елден шығу үшін 48 сағат уақыт берілді.
Министр бұл шаралардың «терроризмге мүлде төзбеушілік саясатының» көрінісі екенін атап өтті.
Еске сала кетсек, бұған дейін Джамму мен Кашмир аумағында қарулы шабуыл жасалып, кемінде 28 адам қаза тапқан еді. Пахалгам ауданында белгісіз қарулы адамдар туристерге оқ жаудырған. Бұл аймақты Үндістан мен Пәкістан да дауласады, алайда Үндістанның бақылауында.