Науаи облысында салынып жатқан Орталық Азиядағы ең ірі жел электр станциясының жабдықтары арнайы көліктермен әкелініп жатыр.
Біріккен Араб Әмірліктерінің «Масдар» компаниясы Науаи облысының Тамды ауданында қуаты 500 МВт жел электр станциясын салуда.
Осыған орай «Масдар» мен Қытайдың «Goldwind» компаниялары арасында жел электр станциясына 111 турбинаны жеткізуге келісімшарт жасалған. Соған сәйкес Өзбекстанда салынып жатқан жел электр станциясының жел генераторлары мен турбиналары Қытайдың Ланьчжоу қаласынан арнайы көліктермен әкелінуде.
Атаулы электр станциясы осы жылдың соңында пайдалануға беріледі және ол Орталық Азиядағы ең ірі жел электр станциясы болмақ.
Станция толық іске қосылғанда жылына 1 миллиард 800 миллион кВт/сағ электр энергиясы өндіріледі. Соның нәтижесінде жылына 540 миллион текше метр табиғи газ үнемделіп, 720 мың тонна зиянды газдың атмосфераға таралуына жол берілмейді..