Өзбекстанда энергетикалық жүйені жаңғырту және электр энергиясымен тұрақты қамтуды қамтамасыз ету мақсатында ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Елде электр энергиясына сұраныс артып жатқан қазіргі кезеңде Науаи жылу электр станциясы аумағында қуаты 650 мегаватт болатын жаңа бу-газ қондырғысының құрылысы стратегиялық маңызға ие.
«Жылу электр станциялары» АҚ-ның инвестициялық бағдарламасы аясында «Науаи ЖЭС» АҚ-дағы үшінші бу-газ қондырғысын салу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Жобаның бас мердігерлері ретінде Жапонияның «Mitsubishi Corporation» және «Mitsubishi Power Ltd.» компанияларының консорциумы жұмыс істеуде. Сонымен қатар, Түркияның «Çalik Enerji» компаниясы қосалқы мердігер ретінде құрылысқа тартылған.

Қазіргі уақытта құрылыс алаңында шамамен 1 мың маман, соның ішінде 750 жергілікті және 250 шетелдік инженер-техник қызметкер еңбек етуде. Жұмысқа 139 арнайы техника жұмылдырылған. Газ және бу турбиналары, генераторлар, қазандық қондырғылар мен басқа да негізгі және көмекші энергетикалық жабдықтарды орнатуға арналған ғимараттар тұрғызылып жатыр.

Қоғамның баспасөз қызметінің хабарлауынша, жоба 2026 жылы толық пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Қондырғы іске қосылғаннан кейін, елдің энергетикалық жүйесіне жылына 4,8 миллиард киловатт-сағат электр энергиясы және 200 гигакалория жылу энергиясы қосылады деп күтілуде.