НАУАИ МЕН ҚОЙШЫ
Өзбек халық ертегілерінен
Өзбек халық ертегілерінен
Еліне қайтатын уақытта келіп жетеді. Бірақ Науаидің жол қаржысы болмағандықтан, алыс жолға дәруіш киімін киіп, жаяу шығады. Ұзақ жүреді. Сондай күндердің бірінде алдынан биік тау көрінеді. Тау етегінде жайылып жүрген көп қойды кездестіреді. Жақындап келгенде қой бағып жүрген ақ шашты қойшыны Науаи бірден таныйды. Кезінде ол оның әкесінің қойын баққан. Бала Науаиді де бағып-қағып өсірген еді. Қойшы да тани кетеді.
- Бұл сіз бе, Әлішер? Өңім бе, түсім бе?! - деп ақсақал қуанышын жасыра алмады. Беліндегі орамалын ағытып, екі тандыр нанды алып шығып, бір қойды сауып жіберіп, қарны ашып келе жатқан жас жігітті тамақтандырды.
- Кімнің қойлары? - деп сұрады ішіне ел қонған Науаи.
- Бұл сенің қойларың, балам, - деп жауап береді қойшы. - Әкеңіз тірі кезінде өз малынан екі жүз бас қойды бөліп, маған бағуға бергенді. Сіздің отбасыңызға тиесілі бүкіл мал мен мүлік талан таражға түсіп кеткенде, сол екі жүз қой ғана аман қалып еді. Өсіп, өнді. Сіз Самарқандта оқыған уақытыңызда қой саны жеті жүзге жетті. Әкеңіздің аманатын орындағаныма өте қуаныштымын. Енді қойларыңды өзіңе қайтарымын, балам.
Науаи қойшының үйінде қонақтап қалды. Ертеңіне Науаи отардан екі жүз бас қойды бөліп алып, шалдың алдына салып берді.
- Әкей, отбасыңыз бар адамсыз. Мына қойларды керегіңізге жаратыңыз. Бұл сіздің нешеме жылғы еңбегіңіздің өтемі.
Науаидің жасаған ісіне қойшы өте риза болады.
Ақсақалмен қоштасып, Науаи қалған қойларды жақын арадағы қала базарына қарай айдап кетеді. Қойлар өте күйлі еді. Сондықтан да базарға кіре сала оны халық қоршап алып:
- Қаншадан сатасың, қаншада сатасың, -деп жан жағынан сұрап жатты.
- Менің бір талабым бар: қой сатып алған кісі оның құнын маған қазір емес, патша өлген күні төлесін, - осыған келіскендер, бір-бір қойдан үйлеріне алып кете берсін! - деп жар салады Науаи.
Базарға келген жұрттың бәрі таласып-тармаса қойларды бөлісіп алды.
Бұл хабарды осы елдің патшасы Хусейн Байқараның құлағына оның жандайшаптары сол мезетте жеткізеді.
- О, әлемнің иесі, әміршіміз! - деп сарай қызметшілері билеушілерінің аяғына жығылады. - Бүгін базарға бір қаңғырған дәруіш бес жүз қой айдап келіп, оларды халыққа таратып беріпті де, "Қойдың ақшасын патшаларың өлген күні қайтарасыңдар" депті. Бүкіл жұрттың алдында осындай сөздер айтыпты! Яғни, ол сізге өлім тілегені ғой!
Хусейн патша ашудан жарыла жаздап айқайлайды: - Қазір барыңдар да, ол нақұрысты менің алдыма алып келіңдер!
Бұйрықты орындауға асыққан нөкерлер Науаиді базардан тауып алып, қолына кісен салып, патшаға алып келеді. Оны көрген патша таң-тамаша болады; ол Науаимен балалық шағында бірге ойнап, мектепке бірге барған еді. Хусейн Байқара Науаиді кінәләп, бас салады: - Солай де! Маған өлім тілейсіз, мен өлсем қуанасыз ба? Бүкіл елдің көзінше солай депсіз!
Сонда Науаи асықпай, сабырмен былай деген екен: - О, билеушім! Мен ешқандай жаман іс істемедім. Сіздің патша болғаныңызды естіп, мен базарда өзімнің қойларымды таратып бердім. Иә, қойдың ақшасын патша өлгенде қайтарасыңдар дегенім де рас. Енді қой алған әрбір қала тұрғыны сіз өлмесе екен деп, сіз үшін дұға етеді. Өйткені сіз өлген күні Науаи келіп қойының ақшасын талап етеді ғой. Сондықтан, ең кемі бес жүз адам Алладан сізге ұзақ өмір, мықты денсаулық беруін тілеп құлшылық жасайтын болады.
Өзбек тілінен аударған Рашид БЕЙБІТҰЛЫ