Arabic
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
НАУАИ ЖӘНЕ ҚАРА ЖҰМЫСШЫ
11:35 / 2021-02-01

Өзбек халық ертегілерінен

Жастайынан жетім қалған бір жігіт қандай жұмыс табылса соны істеп, күнделікті нанын тауып жүреді екен. Мінезі сондай мейірімді, жанашыр жан. Базарда ұрысып жатқандарды көрсе, дереу оларды татуластыратын. Біреудің арбасы тығылып, шыға алмай жатса, жүгіріп келіп дөңгелегіне жармасып, шығарысатын. Солай, халыққа көмегін тигізіп жүретін.

Ұлы шайыр Әлішер Науаи жас жігіттің бұл тірліктерінен хабардар болғандықтан, кездесіп қалған кезде алдымен өзі амандасып, оның аман-саулығын сұрайтын. Осындай атақты кісінің өзіне осыншама құрмет көрсеткеніне жігіт таң қалатын. "Жарымаған кедеймін, күндіз-түні қара жұмыс істеп, бір үзім нанымды сонымен тауып жүрмін. Мұсылман болып өмірімде намаз оқып, ораза тұтып көрген жан емеспін. Әлішер мырза мені не үшін сыйлайды екен? - деп ойлайтын жігіт. - Мен неге осылай өмір сүремін? Мұндай өмірден маған не пайда? Отбасым жоқ. Не үшін тыраштанамын, белім бүгілгенше жұмыс істеп? Ақша, байлықтың маған қажеті не?"

Ұзақ ойланып, жігіт өмірін өзгерткісі келеді. Мешітке барып, намаз оқып, мұсылманның бес парызын орындауға кіріседі. Мешітке намазға келгендерді күтіп алып, шығарып салып тұратын болды. Олардың берген азын-аулақ садақаларына ырза болып, күні бойы ештеңе істемей, тәспі тартып, ішінен дұға оқып, мүлгіп отыратынды шығарды. Басқа халықта шаруасы болмады, ешкімге көмектесіп, ешкімді татуластырмайтын болды.

Бір жолы жігіт мешіттің кіреберісінде, тәспісін аударып отырған еді. Қараса көшемен Әлішер Науаи бір жас жігітпен әңгімелесіп келеді. Науаи мешітке жақындағанда жігіт өзінше ойлады: "Әлішер мырза қандай ақылды адам! Ол кісі менің осындай тақуалық жолға түсетінімді, бес уақыт намазды қалдырмайтынымды білген болар. Сондықтан да ол мені сыйлайды".

Науаи тұсынан өте бергенде жас жігіт атып тұрып, қолын кеудесіне қойып құрметпен сәлем береді. Бірақ атақты шайыр жігіттің сәлеміне жауап бермек түгілі, оған назар аудармай, жанынан өте шығады. "Науаи қасындағы жас жігітпен сұхбатқа беріліп кетіп, мені байқамай қалған болар", - деп жігіт өзін-өзі жұбатты.  

Арада үш-төрт күн өтпей Әлішер Науаиді тағы да мешітте кездестіреді. Өткендегідей жанындағы жас жігітпен әңгімелесіп келеді екен. Орнынан тұрып амандасады, бірақ Науаи тағы да жауап қатпай тұсынан өтіп кетеді. Таң қалған жігіт шайырдың артынан қуып жетіп, одан сұраған екен:

- Тақсыр, мен бұрын намаз дегенді білмейтінмін, маңдайымды жайнамазға бір тигізбеген жан едім. Өйткені уақытым жоқ болатын, жұмыс істеп зыр жүгірдім, қолымнан келгенше бәріне көмектестім, базарда айқайлап, ұрысқандарды татуластырып жүретінмін. Сол кезде сіз маған өзіңіз сәлем беруші едіңіз. Ал енді мен азаннан кешке дейін дұға оқимын, бес уақыт намазымды қаза қылмаймын, сізбен сол бұрыңғыдай амандасамын, бірақ сіз жауап бермейсіз? Оған не себеп?

Жігітті тыңдап болған Науаи оған сабырмен былай деп жауап қайтарған екен:

- Сен базарда айғайлап, жұртқа көмектесіп, оларды татуластырып жүгіріп жүргенде халыққа сенен қандай да бір пайда болды. Ал қазір мешіт алдында ертелі кеш отырғанда ойыңның бәрі бір ғана мәселеде, ол таңғы, түскі және кешкі асқа беретін жұрттың садақасы. Сенің сәлеміңе жауап бермеуімнің бар себебі осы!  

Әлішер Науаидің бұл сөздері жас жігітке қатты әсер еткені соншалықты, ол сол сәттен жұмысқа кіріскен екен.

Өзбек тілінен аударған Рашид БЕЙБІТҰЛЫ