Spanish
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
НАУАИ ЖӘНЕ ЕТІКШІНІҢ ҰЛЫ
15:40 / 2021-02-20

Өзбек халық ертегілерінен

Баяғыда бір етікші өмір сүріпті. Оның жалғыз ұлы болып, ол медреседе оқиды екен. 

Бірде сол жас жігіт сабақтан қайтарда, жол-жөнекей үлкен бір үйдің тұсынан өтіп бара жатып, ашық тұрған терезе алдында отырған сұлу қызды көре сала, оған бірден ғашық болып қалады. Бірнеше күн өтеді, жас жігіт күнде терезеге телміреді, бірақ қыз көрінбейді. Жігіт өз сұлуын көргісі келіп, ғашықтық дертінен әбден қиналады.

 Сондай күндердің бірінде оқудан кештетіп қайтып келе жатып, қыз үйінің қақпасы ашық тұрғанын көреді. Жігіт қақпадан аулаға қалай кіріп кеткенін байқамайды. Сыртқы есіктен кіре бере, қарсы бетте, үйдің әйелдер бөлігіне апаратын ішкі есікке көзі түседі. Өзінің не істеп жүргеніне есеп бермей, байғұс бала есікті ашып ішке енеді. Алдынан ғашық болған сұлу қыз жолығады. Жүрегі дүрсілдеп, қуаныштан екі езуі екі құлағына жетіп, қыздың сұлулығына тамсанып, сілейіп тұрып қалады. Бір кезде есін жиып, "мен не істеп жүрмін?" деп өз-өзіне сұрақ қойып, жылдам аулаға қарай шығады. Сырттан естілген дауыстардан шошып, жігіт алғаш кездескен есіктің біріне қайта еніп кетеді. Сөйтсе, ол байдың қонақ күтетін бөлмесі екен. Дәл қазір үй иесінің кіріп келерінен қорқып, жерде төселіп жатқан қалы кілемді орай бастайды. Осы кезде қонақ бөлмеге бай кіріп келеді. Кілем орап жатқан бөтен жігітті көрген үй иесі ашуланып, айқай салады:

- Ей, сен кімсің? Мұнда не істеп жүрсің?

- Ұрымын, - дейді, өзінің келген себебін жасырғысы келген жас жігіт, - сіздің кілеміңізді ұрлауға келдім. 

Ұрлықтың үстінен түстім деп ойлаған бай, жігіттің қолын байлатып, қазының алдына апарады. 

Қазының жанында ұлы шайыр, сұлтан сарайының бас уәзірі Әлішер Науаи отыр еді. Екеуінің сұхбатын бай бөліп жіберіп:- Қазы мырза, - дейді ол. - Мен ұрыны ұстап алдым да, сізге алып келдім. Үйге келіп, қонақ бөлмеге кірсем, мына жігіт кілемді орап, енді болмаса алып кеткелі жатыр екен. Жазалауыңызды сұраймын. 

- Жігітім, тыңда! Кілемді не үшін ұрладың? - деп, қазы тергей бастайды. - Айтсаңшы!

- Мен бай үйіне ұрлық жасауға түстім. Жерде төселіп жатқан қымбат кілемді орап алып, енді кетейін деп жатқанда үй иесі келіп қалды. Сөйтіп қолға түсіп қалдым, - деп жауап береді жас жігіт.

Қазы жігіттің қолын шабуды бұйырады.

Науаи жас жігітке тағы да дұрыстап назар салғанда, оның жүзі таныс болып көрінеді.

"Иә, иә, бұл Нұрмат етікшінің жалғыз ұлы ғой, - деп Әлішер Науаи есіне түсіреді. - Оның ұрлыққа баруы мүмкін емес. Бұл жерде жігіттің бөтен үйге баруында басқа бір себеп болуы керек". 

- Қазы мырза, егер рұқсат етсеңіз менің мына жігітке қояр сұрағым бар, тек, оны оңашада сұрамақпын. Шыға тұрсаңыздар, мен мән-жәйді сұрап білейін.

Қазы мен бай сыртқа шығып кеткенде, Науаи жігітке жақындап келіп, сұрайды:

- Балам, мен сені танып тұрмын, әкеңді адал адам ретінде жақсы білемін. Шыныңды айтшы, ол үйге неге бардың? Мүмкін менің көмегім тиер.

Жас жігіт бастапқыда бар жағдайды айтуға арланып, үндемей тұрды. Науаи ақыры оны шындықты айтуға көндірді. 

- Мен мына байдың қызына бір көргеннен ғашық болдым. Бірақ ол туралы әкесі түгілі, қыздың өзі де білмейді. Бірнеше күн көруге зар болып, қатты аңсағаным соншалық, байдың үйіне қалай кіріп барғанымды да аңдамай қалдым. Қызды көрген соң, есімді жинадым. Сырттан кісілердің даусын естіп, не істерімді білмей, ұрлыққа келген адам болып, жерде жатқан кілемді орай бастадым. Үй иесі үстімнен түсті. Ұрымын деп мойындай салдым. Басқа амалым қалмады, тақсыр. Мен өзіңіз танитын Нұрмат етікшінің ұлымын, ұры емеспін. Қанша созсам да қолым ол қызға жетпейтінін білемін, өлсе де бай қызын маған бермейді. Не істерімді білмеймін. 

Жас жігіт жылап жібереді.

- Қой, балам, жылама. Мен сенің өкіл әкең боламын. Байдың қызын саған алып беремін, - деп Науаи жігітті жұбатып, уәде береді.

Қазы мен байды ішке шақырып, екеуіне былай дейді:

- Мен мына жігітті де, оның әкесін де жақсы танимын. Бұл ешқашан ұрлық жасамаған, жасай алмайды да. Жас жігіт сіздің қызыңызға ғашық, - дейді байға қарап, - сол үшін үйіңізге кірген. Құрметтім, сіз қазір үйіңізге барып, тойға дайындала беріңіз, мен өзімнің атымнан құдаларды жіберемін. Ертең жұма. Тойды бір аптадан кейін, келесі жұмада өткіземіз.

Бай мен қазының ауыздары аңқиып қалады.

Әлішер Науаи осылайша кедей етікшінің ұлына байдың қызын алып берген екен. 

Екі жас бас қосып, бақытты да ұзақ ғұмыр кешіп, мақсат-тілектеріне жетіпті.

Өзбек тілінен аударған Рашид БЕЙБІТҰЛЫ