НАТО-ның Бас хатшысы Марк Рютте 14–15 мамыр күндері Анталияда өтетін НАТО-ға мүше елдердің сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуіне қатысу үшін Түркияға сапармен барады.
Бұл туралы Альянстың баспасөз қызметі хабарлады.
Аталған жиын — 24–26 маусымда Нидерландтың Гаага қаласында өтетін НАТО саммиті алдындағы соңғы дайындық кездесуі болып саналады. Қазіргі таңда Еуропаның көптеген мемлекеттері қорғаныс жүйесін нығайтуға ерекше көңіл бөлуде. Атап айтқанда, 22 ел ЖІӨ-нің кемінде 2 пайызын қорғаныс саласына бағыттау мақсатына қол жеткізді.
Марк Рютте әлемдегі ең ірі әскери одаққа мүше 32 мемлекетті қорғанысқа бөлінетін қаржыны арттыруға, әскери техниканы жаңғыртуға және саяси ықпалды күшейтуге шақырды. Бұл — АҚШ-тың Еуропа қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жетекші рөлінен біртіндеп шегініп жатқаны байқалып отырған кезеңде ерекше маңызды.
Еске сала кетейік, НАТО Бас хатшысы бұған дейін, сәуір айында, Жапония мен АҚШ-қа ресми сапармен барған болатын.