Аэронавтика және ғарышқа ұшу саласында зерттеу жүргізетін АҚШ-тың тәуелсіз агенттігі Айда ядролық реактор салмақшы.
«Politico» басылымының жазуынша, осы аптада АҚШ көлік министрі – NASA әкімшілігінің басшысы міндетін атқарушы Шон Даффи Айда ядролық реактор салу бойынша жеделдетілген жоспарды жариялайды.
Агенттік мәліметінше, NASA Ай бетінде нақты уақыт кестесі көрсетілген реактор салуға шешім қабылдаған.
Жауапты тұлғалардың бірі басылым тілшісіне бұл жоба «екінші ғарыштық жарыста жеңіске жетуді көздейді», деген.
Құжатта Айда реактор орнатқан алғашқы мемлекет «АҚШ-ты айтарлықтай тежейтін, тыйым салынған аймақ құруы мүмкін екендігі» атап көрсетілген.
Басылымның жазуынша, NASA Ресей мен Қытайдың жоспарына алаңдаушылық білдіруде.
Соңғы кездері бірнеше мемлекет Ай бетінде станция салу және ғылыми экспедиция жіберу мәселесін жиі талқылап жатыр. Солар қатарында, Қытай ғылыми зерттеулер жүргізу үшін 2030 жылға дейін Айға адам жіберуді жоспарлап отыр.