Ўзбек
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Нұрсұлтан Назарбаев: Ресей мен Украина президенттерін жеке кездестіру керек
13:23 / 2019-11-12

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ресей мен Украина президенттерінің кездесуі үшін нейтралды аймақ ретінде Қазақстанды ұсынған.


Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан Astana Club отырысында Ресей мен Украина арасындағы қақтығысқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ресей мен Украинаның арасындағы жағдай, әрине, қынжылтады. Олар бір-біріне өте жақын елдер. Алайда болары болды. Ішкі және сыртқы күштер араласып кетті. Қазір қарым-қатынастың ажырап кеткені соншалық... Украина мен Ресейді өте жақсы білемін. Алғашқы күндерден бастап-ақ екі елді татуластыруға тырысып келемін. Менің жұмысымның нәтижесі – Минсктегі алғашқы кездесу болды. Басында мен еуропалық елдерді аралап, Меркель ханыммен кездестім. Кейін Киевке келіп, Порошенкомен кездестім. Одан кейін Мәскеуге бардым. Франция президенті Қазақстанда болған кезде жол ортада Путинмен кездесуді өтіндім. Осының нәтижесінде біз Минскте бас қосып, мәселелерді шешуге тырыстық», - деді Нұрсұлтан Назарбаев Astana Club отырысында. Елбасының айтуына қарағанда, бәрі ойдағыдай келе жатқан. «Мәскеудің талабы мен өтініші – Украинаның шығысындағы азаматтарды қорғау туралы заң қабылдау еді. Ол азаматтар – сондағы процеске қатысқандар, сотталғандар, тағы басқа... Украина Радасы мұндай заңды қабылдағанымен, ол орындалмай жата берді. Заң осы жылдың 31 желтоқсанында күшін жояды», - деген Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Украинаның қазіргі президенті Владимир Зеленскиймен кездескенін айтып, «Кеше Владимир Путинмен бұл мәселені ары қарай қалай шешуге болатыны туралы тілдестім. Қарым-қатынастың ушыққаны соншалық, Украина Батыс пен АҚШ-қа аппеляциямен шығып отыр. Менің ойымша, Ресей мен Украинаның президенттерін жеке кездестіру керек. Тек осылай ғана келісуге болады. Себебі, екі ел арасындағы нақты жағдай шешіледі. Мен осындай кездесу мүмкін деп ойлаймын. Меніңше, қазір осы кездесудің сәті туып тұр. Біріншіден, Зеленский сайлауда халықтың қолдауына ие болды. Дума да жаңа президентті қолдайтын азаматтарды сайлады. Ол осы мәселені шеше алады. Қос тарап келіссе, бұл мәселені алға жылжыту керек», - деген.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ресей мен Украина президенттерінің кездесуі үшін нейтралды аймақ ретінде Қазақстанды ұсынған.