Мозамбик астанасы Мапуту маңындағы түрмеден көптеген тұтқын қашып кетті.
SABC порталының хабарлауынша, қашқындар түрме күзетшілерін ұстап, қаруларын тартып алып, еркіндікке шыққан.
Бұл оқиға елдегі сайлау нәтижелеріне қарсы шерулермен тұспа-тұс келіп отыр. Тәртіпсіздіктер барысында көшеде ұсталған оппозиция жақтастары тұтқындардың қашуына көмектескен деген болжам бар.
23 желтоқсанда Мозамбиктің Конституциялық соты сайлау нәтижелерін ресми түрде растағаннан кейін, Даниэл Шапани елдің жаңа президенті ретінде жарияланған еді. Алайда, оппозиция жетекшісі Венансиу Мондлане бұл шешімді мойындамай, сайлау нәтижелері бұрмаланды деп билікті айыптаған. Елде наразылықтар мен толқулар әлі де басылмай тұр.
«Орталықтан 15 шақырым жерде орналасқан қатаң күзеттегі түрмеден 1 534 тұтқын қашып кетті. Іздеу шараларына әскер жұмылдырылып, шамамен 150 қашқын қайта ұсталды», – деген Мозамбик полициясының басшысы Бернардину Рафаэло.
Полиция дерегіне сәйкес, тұтқындарды ұстау операциясы кезінде 33 адам қаза тауып, тағы 15 адам жарақат алған.