Молдова билігі республиканың Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы (ТМД) мүшелігін қамтамасыз етіп келген үш келісімді күшін жою үдерісін бастады. Сыртқы істер министрі Михай Попшойдың айтуынша, әңгіме ТМД-дан заңдық тұрғыда шығу туралы болып отыр, ал де-факто мүшелік бұған дейін-ақ тоқтатылған.
Кишинёв Молдованың ТМД-дағы мүшелігіне негіз болған үш негізгі келісімді денонсациялау рәсімін қолға алған. Бұл туралы дүйсенбі, 19 қаңтар күні Молдованың сыртқы істер министрі Михай Попшой Radio Moldova эфирінде мәлімдеді. Оның айтуынша, аталған келісімдер күшін жойған соң, ресми әрі құқықтық тұрғыда Молдова ТМД құрамында болмайды, ал де-факто мүшелік «әлдеқашан тоқтатылған».
Молдова премьер-министрінің орынбасары әрі СІМ басшысы сөз болып отырған құжаттар мыналар екенін нақтылады:
– 1993 жылғы 22 қаңтарда Минскіде қол қойылған ТМД Жарғысы;
– 1991 жылғы 8 желтоқсандағы ТМД-ны құру туралы келісім;
– осы келісімге 1991 жылғы 22 желтоқсанда қабылданған қосымша.
Попшойдың айтуынша, денонсациялау үдерісі қазірдің өзінде жүріп жатыр, ал парламент депутаттары тиісті құжаттарды жаңа парламент сессиясының ең алғашқы кезеңінде қарайды.
«Бәлкім, ақпан айының ортасына дейін Үкімет деңгейіндегі рәсімдерді аяқтаймыз, содан кейін шешім парламентте қабылданады», — деп хабарлайды министрдің сөзін «Молдпресс» мемлекеттік ақпарат агенттігі.
Михай Попшой ТМД-ға қатысты келісімдерден бас тартуды Молдованың еуропалық бағытын нығайтудың маңызды қадамы деп атады.
Сонымен қатар сыртқы істер министрі Молдованың ТМД аясында жалпы 283 келісімге қол қойғанын, олардың 71-і бұған дейін денонсацияланғанын, ал шамамен 60-ы қазір күшін жою үдерісінде екенін айтты. Дегенмен, Кишинёв Еуропалық бағытқа қайшы келмейтін, экономикалық пайда әкелетін немесе азаматтар үшін практикалық маңызы бар келісімдерден бас тартуға ниетті емес екенін де атап өткен.