Молдова ЕО-ға кіру үшін толтырылған өтініш формасының екінші бөлігін тапсырды
Молдова Еуропалық Одаққа кіруі туралы толтырылған өтініш формасының екінші бөлігін тапсырды.
Интерфакс порталының дерегінше, Молдованың Еурокомиссия сұрақтарына жауаптары бар жеті томды Премьер-министр Наталья Гаврилица Еуроодақтың Молдовадағы елшісі Янис Мажейкске Еуропалық ішкі істер комиссары Илва Йоханссонның қатысуымен тапсырды.
«Еуроодақ - біз үшін адал дос. Әрқашан қасымыздан табылатын дос, оның ішінде қиын-қыстау кезеңде де», - деген Премьер-министр Наталья Гаврилица.
Еурокомиссар Илва Йоханссон ЕО Молдованың қосылу үдерісін «мүмкіндігінше» тездетуге тырысып жатқанын айтқан.
Еске сала кетсек, Молдова осы жылдың 22 сәуірінде толтырылған сауалнаманың бірінші бөлігін Еуропалық Одаққа тапсырған еді.