Науаи халықаралық әуежайына Моңғолиядан алғашқы тірі мал тиелген ұшақ келіп қонды. Uzbekistan Airports компаниясының хабарлауынша, онда Өзбекстанға «Баяд» тұқымынан 1000 бас қой жеткізілді.
Бұл Өзбекстан мен Моңғолия арасындағы мал шаруашылығы саласындағы мемлекет басшылары деңгейінде жасалған екіжақты келісімнің алғашқы кезеңі.
Рейсті Қырғызстанның «KAP KG» жүк әуе компаниясы жүзеге асырды. Жеткізілген жүктің жалпы салмағы 37 тонна болды.
Жоспар бойынша, қазан айының соңына дейін 60 рейс орындалып, 50 мың бас ұсақ мал жеткізіледі. Ал жыл соңына дейін жалпы көлемі 100 мың басқа жеткізілуі үшін қараша және желтоқсан айларында да осындай көлемде тасымалдар жүргізіледі.
Бұл жеткізілім туралы келісімшарт 2024 жылдың маусым айында Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев пен Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухтың кездесуі барысында жасалған болатын. Ұзақ мерзімді жоспарда 2029 жылға дейін Өзбекстанда осы тұқымнан 1 миллион бас қой мен ешкі өсіру көзделген.
Кері бағытта Өзбекстан 123 әуе рейсі арқылы жеміс-көкөніс өнімдерін Моңғолияға экспорттауды көздеп отыр. Барлық рейстер Науаи халықаралық әуежайы арқылы жүзеге асырылады.
Әуежай өз кезегінде бұл жобаны техникалық тұрғыдан толық қамтамасыз етеді. Оның ішінде логистиканы үйлестіру, барлық рәсімдерді уақтылы орындау, малдың ветеринариялық бақылауын ұйымдастыру және білікті мамандармен қамтамасыз ету сияқты жұмыстар кіреді.
Ауыл шаруашылығы сарапшыларының пікірінше, бұл жоба тек мал шаруашылығын әртараптандырумен шектелмей, экспорттық әлеуетті арттыруға, генетикалық қорды жақсартуға және аймақтық азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар, жобаның логистикалық құрылымы Өзбекстанның аймақаралық әуе жүк тасымалы хабына айналу мүмкіндігін де айқындай түседі.