Енді ол кем дегенде 2028 жылдың соңына дейін үлкен футболда қалмақ. Сол кезде әйгілі футболшының жасы 41-де болады.
MLS чемпионатының «Интер Майами» клубы өз ресми сайтында аргентиналық шабуылшы Лионель Мессимен келісімшарттың ұзартылғанын хабарлады.
38 жастағы футболшымен жаңа келісім 2028 жылдың соңына дейін жарамды. Бұған дейінгі келісімі 2025 жылдың соңына дейін есептелген еді.
«Мен мұнда қалып, осы жоба үстінде жұмысымды жалғастырып жатқаныма өте қуаныштымын. Бұл жоба – «Майами Фридом Парк» стадионында ойнау менің арманым ғана емес, сонымен қатар тамаша шындыққа айналды. Майамиға келген сәттен бастап өзімді өте бақытты сезінемін, сондықтан осы жерде ойнауды жалғастыратыныма шын жүректен қуаныштымын», – деді Месси.
Месси «Интер Майами» сапында 2023 жылдың жазынан бері ойнап келеді. Осы уақыт аралығында ол барлық турнирлерде 82 ойын өткізіп, 71 гол соғып, 37 нәтижелі пас берген.
«Алтын доптың» сегіз дүркін иегері және әлем чемпионы бұл командамен Солтүстік Америка Лигалар кубогы мен 2024 жылғы MLS маусымының тұрақты чемпионатында жеңіске жеткен.
Transfermarkt порталының мәліметінше, футболшының нарықтық құны 18 миллион еуроны құрайды.