Oʻzbek
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Мемлекет басшысы жартыжылдықтың экономикалық қорытындысы бойынша кеңес өткізді
19:03 / 2024-07-17

Президент Шавкат Мирзиёевтің төрағалығымен 17 шілде күні өңірлер мен секторлардағы экономикалық өсу қарқынының бірінші жартыжылдықтағы талдауы, сондай-ақ жыл соңына дейінгі басым міндеттерді талқылауға арналған бейне селекторлы кеңес өтті.

Ең алдымен аяқталған жұмыстарға қысқаша тоқталды. Биылғы жылдың алты айында жалпы ішкі өнім 6,4 пайызға өсті. Өнеркәсіп 7,8 пайызға, құрылыс 10,1 пайызға, қызмет көрсету 12,9 пайызға, ауыл шаруашылығы 3,8 пайызға өскен. Бюджет кірісі де 14 пайызға артып, 113 триллион сумды құрады.

Жалпы, жыл басынан бері республикада жасалған қосымша құн 567,4 триллион сумға, яғни 45,1 миллиард долларға жетті. Мұндай көрсеткіш бұрын сонды болмаған.

Өткен кезеңде жалпы капитал салымдар 229 триллион сумды құрады. Оның 15,5 миллиард доллары шетелдік инвестиция. «Әндіжан», «Булақбоши», «Қаракул», «Кармана», «Давлатабад» аудандары, Наманган және Самарқанд қалаларына салынған инвестиция көлемі 100 миллион доллардан, «Шароф Рашидов», «Фориш», «Жаңа Наманган», «Ахангаран» аудандарында 70 миллион доллардан асты.

Жыл басынан бері құны 3,5 миллиард долларды құрайтын 3 мың жоба іске қосылып, 76 мың табысы жоғары тұрақты жұмыс орны ашылған. Кәсіпкерлікке 82 триллион сум несие, 15,5 триллион сум субсидия беріліп, 600 мың адам кәсіпкерлікпен айналысты. Жеңілдікпен кәсіпкерлерде 56,3 триллион сум қалған.

«Жасыл энергетика» бағытындағы жұмыстар да өз жемісін бере бастады. Бірінші жартыжылдықта қуаттылығы 2,4 гигаватт болатын 10 күн және жел электр станциясының есебінен 1,6 миллиард киловатт «жасыл энергия» алынды. Бұл жарты миллиард текше метр газды үнемдеуге мүмкіндік берді.

Биылдың өзінде балабақша, мектеп, медицина, жол, су, жарық сияқты инфрақұрылымды жақсартуға бюджеттен 31,5 триллион сум бөлінген. Оған қоса тағы 1,5 триллион сум беріледі.

Өткен жарты жылда 18 600 жаңа пәтер салынып, тапсырылған. 26 мың отбасына 7 триллион сумға жуық ипотекалық несие берілген. Бастапқы төлем мен пайызды жабуға 545 миллиард сум субсидия бөлінген.

Мемлекет басшысы жиында басқа да мәселелерге тоқталып, нақты жоспарлар мен міндеттерді айқындау қажеттігін айтты.

– Әлемдегі қиын жағдайларға қарамастан, біз тұрақты экономикалық өсу жолында айқын нәтижелерге қол жеткізіп келеміз. Мұны Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзілік банк, серіктес елдердің басшылары, рейтингтік ұйымдар, ірі инвесторлар мойындап отыр. Дегенмен, бүгінде кемшіліктерді айтып, резервтерді пайдалану бойынша нақты тапсырмаларды айқындасақ, пайдалы болады, – деді Шавкат Мирзиёев.

Алдымен экономика, қаржы, салық, кәсіпкерлікті қолдау және кедейшілікті азайту мәселелері талқыланды.

«Сайхұнабад», «Уйчи», «Зарбдар» және «Ғиждуван» тәжірибелерінің нәтижесінде алты айда 4 мыңнан астам махалла өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығына маманданған, 1 миллион 600 мың адам ресми түрде жұмыспен қамтылып, 712 мың жаңа табыс салығын төлеушілер пайда болды.

Жиында оларға тың серпін беру мақсатында қосымша шаралар белгіленді. Атап айтсақ, енді аудан әкімі, банк басшысы мен махалла төрағасы бірлесіп жұмыс істеу жөнінде үшжақты келісім жасамақ. Биылғы жылдың 1 желтоқсанына дейін «Сайхұнабад тәжірибесі» негізінде шаруашылықтарға қаржы пакеті ретінде беріледі. Осы арқылы 495 мың адам жұмыспен қамтылады. Екiншi жартыжылдықта «Отбасылық кәсiпкерлiк» бағдарламасының қамтылуы 1,5 есеге артып, 4 триллион сум бөлiнедi.

Сондай-ақ, «Уйчи тәжірибесі» негізінде аудан әкімдері мен банк басшылары кәсіпкерлермен кездесіп, бизнесін кеңейтуге көмектеседі. Бұл ретте әкім жер, жарық, су, жол және басқа да инфрақұрылым мәселесін шешсе, қаржы мәселесін банк шешеді. Осы арқылы жыл соңына дейін 670 мың адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік бар екені айтылды.

«Ғидждуван тәжірибесі» негізінде жыл соңына дейін мың махаллаынң өзінде көпқабатты өндірістік ғимараттар бой көтермек. Оларға өтбасындағы өндіріс көшіріледі. Бұл ғимараттардың жоғарғы қабаттарында жұмыс істейтін кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Бұл 140 мың жұмыс орнын «көлеңкеден» шығаруға жағдай жасайды.

«Зарбдар тәжірибесі» негізінде аудандарда өнеркәсіп, сауда, сервистік және заманауи агротехнологиялар бойынша драйвер жобалар жүзеге асырылады. Оларды жүзеге асыруға биыл қосымша 500 миллиард сум бөлінеді. Бұл тағы 150 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Үкімет басшысына осы төрт тәжірибені пайдалана отырып, жыл соңына дейін 2 миллион 416 мың адамды жұмыспен қамту жоспарын аудандар секциясында бекіту тапсырылды.

Бюджетке кірістерді қамтамасыз ету мәселесі де қарастырылды. Кәсіпорындар мен кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, олардың табысын арттыру арқылы салық түсімдерін арттырудың маңыздылығы айтылды. Кәсіпкерге артық ақша төлеткен жауаптылар жазаға тартылатыны қатаң ескертілді.

Жекешелендіру бағдарламасын жүзеге асыру, ірі кәсіпорындарда шығындарды азайту баяу жүргізіліп жатқаны айтылды.

Енді кәсіпкерлерге жеңілдіктер мен субсидиялар нысаналы индикатормен бір жылға берілетіні, оның нәтижесіне қарай мерзім ұзартылатыны немесе тоқтатылатыны айтылды.

Биыл облыс кәсiпорындары 164 триллион сумның өнiм шығарды. Дегенмен, «Когон» қаласы, «Қаровулбазар», «Зафарабад» және «Мирзаабад» аудандарында өнеркәсіп төмендеген. Шенеуніктерге жыл соңына дейін аз қуатпен жұмыс істейтін 2 мың кәсіпорынды дамыту міндеті қойылды.

Қызметінде жүйелік кемшіліктерге жол берген 28 аудан-қала әкіміне тәртіптік жаза қолданылды. «Қараузак», «Тахиатош», «Үшқұдық», «Ташкент», «Фурқат», «Гурлан», «Мирзаабад», «Янгиарик», «Мингбулоқ» аудандарының және «Ғазғон» қаласының әкімдері қызметінен босатылды.

Отырыстың күн тәртібіндегі келесі мәселелер көлік, коммуникация, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларына қатысты болды.

Ең алдымен құрылыстағы шығындарды азайту мәселесі сараланды. Жер және құрылыс материалдарынан бөлек, жобаны келісу және арнайы техникалық шарттарды алу кезіндегі қиындықтар да атап өтілді. Ең үлкен «құпия экономика» да құрылыста.

Сондықтан Құрылыс министрлігіне саладағы кәсіпкерлікке кедергі болып отырған барлық процедураларды жаңарту міндеті жүктелді.

Сапа мен тәртіпті нығайту мақсатында құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы бақылау инспекциясы үкіметке беріліп, оның өкілеттігі кеңейтілмек. Рұқсатсыз салынған немесе жобадан ауытқыған құрылыстар үшін айыппұл салу күшейтілмек.

Жаңа жобаларда кәсіпкерлер үшін электр энергиясы мен газдың техникалық шарттарын алу цифрландырылатын болады. Бұл жағдайда адам факторынсыз желіге қосылу нүктесін автоматты түрде таңдау жүйесі енгізіледі.

Биылғы инвестициялық бағдарламада 1896 жобаға 20,5 триллион сум бөлінген. Атап айтқанда, 618 мектеп, 176 балабақша, 80 емхана, 67 аурухана салынып, жабдықталады.

2 мың 152 көпқабатты үй салынып, 100 мыңнан астам тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарланған. 570 мың гектар аумақты сумен қамтамасыз етуді жақсарту, 13 мың шақырым жол мен 195 көпірді пайдалануға беру көзделген.

Сондай-ақ қоғамдық көлікке электронды төлем жүйесін толық енгізу, барлық облыс орталықтарында жолаушылар тасымалдауды брутто шарт негізінде қаржыландыру мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы осы бағыттарға тоқталып, кешеуілдеп жатқан жобаларды жеделдету жөнінде тапсырмалар берді. Ол бұл жұмыстардың әлеуметтік маңыздылығын, оны адамдар өз өмірінде сезінуі тиіс екенін атап өтті.

Жиында инвестиция, экспорт және ауыл шаруашылығы мәселелері де жан-жақты талқыланды.

Соңғы жарты жылда экономикаға 15,5 миллиард доллар шетелдік, оның 14 миллиард доллары тікелей инвестиция құйылды. Президент олардың тиімділігін талдауға назар аударды.

Үш жыл ішінде инвестицияланған әрбір доллар орташа есеппен үш долларлық құн тудырды. Немесе әрбір 1 мың долларлық шетелдік инвестиция салық түсімін орта есеппен 600 долларға арттырды. Бірақ кейбір салалар мен аймақтарда бұл көрсеткіш төмен.

Шенеуніктерге осы тұрғыдан келер жылға жоспарланған жобаларды бір-бірден саралап шығу тапсырылды.

Өткен жылдары шетелден әкелінген 183 миллион доллардың 593 қондырғысын тез арада орнатып, іске қосу керектігі айтылды. Толықтай жұмыс істемейтін инвестициялық жобаларды «жандандыру» және олардың мәселелерін шешу шаралары белгіленді.

Биылғы жылы индустриялық аймақтардың инфрақұрылымына 1,5 триллион сум бөлінген. Сондай-ақ Даму және қалпына келтіру қорынан 650 миллион доллар арзан ресурстар, банктерде шетелден тартылған 1 миллиард доллар қаражат бар. Бұл қаражатты тиімді пайдалану арқылы жобаларды жеделдету қажеттігі айтылды.

Алты айда жергіліктендіру бағдарламасы бойынша өнім 34 пайызға өсті. Осы тұста ірі инвестициялық жобалардағы жергілікті өнімнің үлесін арттыру міндеті қойылды.

Сондықтан облыс әкімдері мен сала басшыларына өңірлердегі құны 50 миллиард доллар болатын 200 ірі жобаны сараптап, тауар мен қызметтерді жергіліктендіру бағдарламасын әзірлеу тапсырылды. Өңірлік кәсіпорындардың кооперация порталына қатысуын жандандырудың маңыздылығы айтылды.

Экспорт мәселелерін саралай келе, сала мен өңірлер жыл басынан бері 8,7 миллиард доллардың өнімін экспорттағаны атап өтілді. Алайда 9 аудандағы экспорт былтырғы көрсеткіштің жартысына да жетпеген.

Кейінгі уақытта көптеген елдер ішкі нарығын қорғау үшін тарифтік және нотариф кедергілерді белгілеуде. Тиісті министрліктер мен ведомстволарға бұл кедергілерді жұмсарту жөнінде келісімге келу тапсырылды.

Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында жеміс-жидек, көкөніс және азық-түлік өнімдерінің экспорты 910 миллион долларды құрады. Бұл салада өңделген жемістер мен көкөністер экспортын түбегейлі арттыру керектігі айтылды.

Қазіргі уақытта сақтау, сұрыптау және өңдеу қуаттарын арттыру бойынша 382 жоба іске қосылған. Жыл соңына дейін 10 агрологистикалық орталық пен 230 мың тонналық тоңазытқыш қойма салу жоспарланған. Осылар арқылы жеміс-көкөніс қоймаларының сыйымдылығы 63 пайызға дейін ұлғайтылады.

Мемлекет басшысы бұл саладағы экспортты ұлғайту үшін елімізде тұқымның жаңа сорттарын жасау қажеттігін баса айтты. Ауыл шаруашылығы министрлігіне Қытай мен Түркия тәжірибесі негізінде тұқым шаруашылығы жүйесін қайта қарап, дақылдың гендік қорын кеңейту тапсырылды.

75 мың гектар өнімсіз бақ пен 100 мың гектар өнімділігі төмен жемісті жер орнына индустриалды бау-бақша мен жүзім бақтарына ауыстырудың үш жылдық бағдарламасы әзірленеді. Мұндай бау-бақшаға Ауыл шаруашылығы қоры арқылы жеңілдетілген несие бөлінеді.

Жиында мақта-тоқыма кластерлерінің қаржылық тұрақтылығына қатысты мәселелер де талқыланды. Оларға берілген жеңілдетілген несиенің мерзімі 2025 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартылып, осы жылы мақта сатып алуға жеңілдікті несие кластерлердің жіп-иіруші кәсіпорындарына беріледі деп шешілді. Қаржылық міндеттемесі жоғары экономикалық тиімсіз кластерлердің мәртебесі қайта қаралатын болды.

Өнімділікті арттыру мақсатында мақта және жеміс-көкөніс шаруашылығын механизациялау деңгейін 50 пайызға жеткізу міндеті қойылды. Ол үшін жыл соңына дейін диқандар мен фермерлер тағы 6500 техникамен қамтамасыз етілмек.

Жиында Министрлер Кабинеті кешендерінің басшылары, министрлер мен әкімдер есеп берді. Жыл соңына дейін экономикалық өсуді қамтамасыз ету жоспарлары баяндалды.