Президент Шавкат Мирзиёев шетелдік туристер ағынын арттыру және ішкі туризмді жандандыру жөніндегі таныстырылымға қатысты.
Өзбекстанда тарихи-мәдени, көрікті мекендер көп. Оларда жағдай жасалса, туристерді жыл бойына көбірек тартуға болады. Осы мақсатта Президент тапсырмасы негізінде туристік мүмкіндіктерді тиімді пайдалану шаралары әзірленді.
Осыған орай, туристік әлеуеті жоғары 12 аудан мен қалада туристік орталықтар құру жоспарлануда. Мұндай орталықтарда тәулік бойы жұмыс істейтін мейрамхана, кафе, сауықтыру және бассейн қызметтері болады.
«Зомин», «Чимён», «Амирсой» сияқты курорттық аймақтар мен ойын-сауық кешендерінде халықаралық брендтер, ұлттық жібек маталар, кәдесыйлар, зергерлік бұйымдар мен алтын құймалар дүкендері ашылады. Ол үшін туристік орталықтардағы кәсіпкерлердің жер және мүлік салығын 2027 жылдың 1 қаңтарына дейін көрсетілген сомадан 90 пайызға төмендету, зергерлік бұйымдар мен алтын бұйымдарына қажетті жабдықтар мен технологияларды 2026 жылдың 1 наурызына дейін кедендік баж салығынан босату ұсынылып отыр.
Сондай-ақ биылдан бастап «Өзбекстанда тағы бір күн саяхат» бағдарламасы жүзеге асады. Оған сәйкес, өңіраралық туризм нысандарын байланыстыратын «республикалық туристік шеңберлер» аудандар мен қалалар арасындағы «аумақтық туристік шеңберлер» құрылады. Туристік бағыттардың бірыңғай тізілімін Туризм комитеті жүргізеді.
«Төрт мезгілдің әрбірінде саяхат» бағдарламасы жүзеге асырылады. Мысалы, көктем мен күзде экологиялық, экстремалды, емдік және сауықтыру шаралары, жазда су қоймалары мен курорттар, қыста экстремалды туризм мен шаңғы аймақтары насихатталады. Осы туристік маусымдардың ашылуына орай фестивальдар ұйымдастырылады.
Әр екі жыл сайын мамыр айында жүлде қоры 2 миллион долларды құрайтын халықаралық «Өзбекстанның жібек маталары» сән апталығы өтеді.
Өзбекстанның туристік әлеуетін шетелде насихаттау мақсатында Туризм комитетінің «Туризм өкілдері» институты енгізіледі.
Сондай-ақ қолөнершілерді қолдау, медициналық туризмді дамыту, туристік білім беруге халықаралық тәжірибені енгізу бойынша шаралар қабылданатын болады.
Аймақтарда демалыс орындары, экоүй және хостелдер, қонақүйлерде бассейндер салуға жеңілдікті несиелер бөлінеді. Салада кәсіпкерлерді қолдау мақсатында қонақүйлер мен сауда кешендері, бассейндер мен аквапарктерге қажетті құрал-жабдықтар мен керек-жарақтар 2 жылға кедендік баж салығын төлеуден босатылады.
Мемлекет басшысы бұл ұсыныстарды мақұлдап, экотуризмді одан әрі дамыту және мүмкіндігі шектеулі жандардың саяхаттауы үшін де қажетті жағдай жасау жөнінде тапсырмалар берді.