Президент Шавкат Мирзиёев Самарқанд қаласындағы «Азия металл проф» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметімен танысты.
2018-2022 жылдары бұл ірі зауытта қытайлық серіктестермен бірге жалпы құны 110 миллион долларды құрайтын жобалар жүзеге асырылды. Оның 33 миллион доллары тікелей шетелдік инвестиция.


Бастапқыда 2018 жылдың желтоқсан айында мырыш пен полимермен қапталған металл қаңылтырлар өндірісі қолға алынса, екінші кезеңде, яғни 2021 жылдан бастап металл құбырлар мен профильдер өндірісі жолға қойылды. 2022 жылдың ақпан айынан бастап ыстық илектелген металл қаңылтырлар мен құрылысқа арналған профильдер де шығарылуда.
Бұл өнімдер импорттың орнын басу және экспорттау үшін маңызды. Атап айтқанда, өткен жылы кәсіпорын 63 миллион доллардың өнімін экспорттаған. Биыл бұл көрсеткіш бұдан да жоғары болады деп күтілуде. Қазір кәсіпорында 520 жұмысшы еңбек етуде.


Мемлекет басшысы жобаның төртінші кезеңі – арматура шығаратын кәсіпорынның құрылыс алаңында болды. Мұнда 390 мың тонна арматура құю қуаты мен 150 жаңа жұмыс орны ашылады.
Жалпы, 2023-2025 жылдары тағы бес жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Оларға барлығы 621 миллион доллар бөлініп, жылына 1,7 миллион тонна металл және 10 миллион шаршы метр шыны өндіру қуаты құрылады. 930 жаңа жұмыс орны ашылады.
Президент жергіліктендіру және шығындарды азайту арқылы экспортта бәсекеге қабілеттілікті арттыру қажеттігін атап өтті.
