Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің төрағалығымен 19 қаңтарда рухани-ағарту жұмыстары жүйесін түбегейлі жақсарту, осыған байланысты мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері бойынша бейнеконференциялы жиын өтті.
Әлем тарихына көз жүгіртсек, әрбір халық ең алдымен өзінің рухани бірлігі, ұлттық идеясымен өркендеген. Бүгінгі таңда жаңа өмір жолын салу, дамыған елдердің қатарына қосылу жолында тұрған Өзбекстанда да, ұлттық идеология мәселесі өте маңызды.
Сол негізде бүгінгі жиында Мемлекет басшысы: - Егер қоғамның тәні экономика болса, оның жаны мен рухы – руханилық. Біз жаңа Өзбекстанды жасақтауда екі негізгі берік тірекке сүйенеміз. Біріншісі - нарықтық принциптерге негізделген мықты экономика. Екіншісі - ата-бабаларымыздың бай мұрасы және ұлттық құндылықтарға негізделген мықты руханият,- деді Шавкат Мирзияев.
Соңғы өткен ауқымды шараларда, оның ішінде Президенттің «Олий Мажлиске» Жолдауы, Өзбекстан жастарының бірінші форумы және Қауіпсіздік кеңесінің кеңейтілген отырысында руханият саласындағы кезек күттірмейтін міндеттер айқындалды. Себебі бұл тұрғыда шешілмеген мәселелер көп. Ұлттық идеяның мәнін жете түсінбейтіндер, ескі идеологияны елестетіп, оған үстірт қарайтындар да бар. Сондықтан, Мемлекет басшысы еліміздің идеологиясының негізгі идеясына тоқталып: - Біз құратын жаңа Өзбекстанның идеологиясы ізгілік, адамгершілік және гуманизм идеяларына негізделеді. Идеология дегенде біз ең алдымен ой тәрбиесін, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды тәрбиелеуді түсінеміз. Олар халқымыздың мыңжылдық өмірлік тұжырымдамалары мен құндылықтарына негізделген - деді Президент.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы немқұрайлылық пен бейпәруалық ең үлкен қауіп екенін, қазіргі кезде кездесетін әлеуметтік мәселелерді азайту үшін білім мен қоғамдық бақылау жетіспейтіндігін баса айтты.
Кездесуде айтылғандай, әлеуметтік-рухани ортаны ғылыми негізде талдауды кезеңнің өзі талап етуде. Біздің қоғамдағы рухани-ағартушылық жұмыс осындай негізде ұйымдастырылмағандықтан күтілген нәтиже бермей тұр. Сондықтан Республикалық рухани және ағарту орталығының жұмысын сыни тұрғыдан зерттеп, қызметін түбегейлі жетілдіру қажет.
Президент «Руханиятты насихаттаушы» білім беру мекемесінің негізінде Әлеуметтік-рухани зерттеулер институтын құруды ұсынды.
Бұдан былай Республикалық Рухани және ағарту орталығы барлық аймақтық кеңестердің, министрліктердің, ведомстволар мен ұйымдардың рухани-ағартушылық қызметін үйлестіретін болады.

Сонымен қатар, мектептерде, арнайы орта және жоғары оқу орындарында рухани-ағарту жұмыстарының тиімділігін арттыру бойынша нұсқаулар берілді. Барлық жоғары оқу орындары мен олардың филиалдарында қолданыстағы мемлекеттік бөлімшелер шеңберінде жастар ісі және рухани-ағартушылық жұмыс жөніндегі проректор лауазымы енгізілетіні айтылды.
Типтік жоба негізінде облыс орталығында рухани-ағартушылық орталықтар салу, секторға жергілікті бюджеттер есебінен қосымша қызметкерлер бөлу тапсырылды және жауапты қызметкерлерге Өзбекстанда тарих пәнін 2030 жылға дейінгі дамыту тұжырымдамасын әзірлеу міндеті қойылды.
Ұлттық идеяны насихаттау, рухани-ағартушылық жұмыстарының тиімділігін арттыру, әдебиет пен кітап оқуды қоғамда одан әрі дамыту мақсатында «Ижод» қоғамдық қорының негізінде Руханият пен шығармашылықты қолдау қоры құрылатындығы атап өтілді.
Атаулы қорға 120 млрд сум бөлініп, ол рухани-ағартушылық жұмыстарды тиімді жүзеге асыруға, ұлттық әдебиетімізді дамытуға жұмсалады. Оның 90 млрды өңірлердегі рухани-ағарту салаларын дамытуға, 20 млрды Жазушылар одағының қызметін қолдауға, 10 млрд сумы еліміздегі рухани-ағарту жұмыстарын тиімді ұйымдастыруға бағытталады.
- Егер қайсы біреу руханият мәселесі тек Руханият орталығының немесе тиісті министрліктер мен ведомстволардың жұмысы деп ойласа, қателеседі. Мұның бәрі біздің алдымызда тұрған маңызды міндеттердің бірі, - деді Мемлекет басшысы.





