Президент Шавкат Мирзиёев 10 наурызда құрылыс нысандарының таныстырылымына қатысты.
Өзбекстанның дамуы, өмірлік сұраныс артқан сайын құрылыс көлемі кеңейіп келеді. Әсіресе, Ташкент қаласында әлеуметтік-экономикалық нысандар көптеп салынды. Мемлекет басшысы осы мәселеге баса назар аударып, елорданың сәулеттік келбетін сақтап, болашақ құрылыстарды қала сыртында жасау міндетін қойған еді.
Осыған орай «Жаңа Ташкент қалашығы» жобасы әзірленуде. Бұл туралы президентке презентацияда қапарат берілді.
Соған сәйкес, бірінші кезеңде 6 мың гектар алқапта құрылыс жоспарланған. Соның негізінде келешегі бар құрылыс алаңдары, елорданы жаңа қаламен байланыстыратын негізгі жолдардың схемалары әзірленген.

Қалашық жаңа әкімшілік және экономикалық орталық болады. Ол Ташкент қаласының шығыс бөлігінде, Жоғарғы Шыршық және Орта Шыршық аудандарының аумағында салынады. Аумақ 800 мың тұрғынға орайластырылған.
Ол жерде министрлік мен ведомство, жоғары оқу орындары, денсаулық сақтау ұйымдары, театр, кітапхана, қонақ үй, тұрғын үй, саябақтар болады. Соның ішінде 363 гектар жасыл аймақ жоспарланған.
Самарқанд облысында Имам Бұхари кешені қайта салынып жатқаны белгілі. Бүгінде құрылыстар аяқталып, әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Кешеннің қабырғалары ұлттық нақыштармен безендіріліп, каллиграфия өнері үйлесім тапқан. Оның қабырғаларында көне үлгіде қасиетті Құран сүрелері мен хадистері жазылған.
Президент бастамасымен кешенде Имам Бұхари мұражайын құру жоспарлануда. Шарада аталмыш мұражайдың тұжырымдамалық жобасының таныстырылымыда өтті.

Мұражай бай мәдени құндылықтарымызды қамтитын заманауи дизайнға ие болады. 8 павильон, атап айтқанда, Мұхаммедтің (с.ғ.с.) тарихы және пайғамбарлығы, хадис ғылымының пайда болуы мен дамуы, Имам Бұхаридің өмірі мен ғылыми қызметі, Имам Бұхаридің қасиеттері, балалар бөлімі, «Әл-Жәме әс-сахих» – Исламның екінші қайнар көзі, Имам Бұхари мұрасының бүгінгі таңдағы маңызы, Жаңа Өзбекстандағы діни және білім саласындағы реформалар мен Имам Бұхари мұрасына көңіл бөлу сияқты тақырыптарға бөлінеді.
Мемлекет басшысы мұражайдағы әрбір зат пен көрнекі ақпарат зияратшыларға ағартушылық беруі керектігін ерекше атап өтті.
Өзбекстанда іскерлік орта жақсарған сайын сыртқы сауда байланыстары да кеңейіп келеді. Соған сәйкес кедендік инфрақұрылымды дамыту қажеттігі туындауда.

Атап айтқанда, Өзбекстанның Қазақстанмен шекарасындағы «Қышкөпір» кеден бекетінен күн сайын көптеген адамдар өтеді.
Сондықтан бұл кеден бекетіне заманауи кешен салу жоспарланған. Жаңа терминал, автожол, автотұрақ, ас үй, медициналық кабинет, сауда және тұрмыстық қызмет көрсету нысандарын салу көзделген.
Мемлекет басшысы кешенде жолаушылар үшін барлық қолайлылықты жасау, кедендік бақылау мен жүктерді өткізу үдерісін цифрландыру бойынша тапсырмалар берді.
Бүгінгі презентацияда Біріккен Араб Әмірліктері мен Әзірбайжан Республикасы елшіліктерінің жаңа ғимараттарының жобалары туралы да ақпарат берілді.