Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзияев «2022 жылғы Наурыз ұлттық мерекесіне дайындық және оны өткізу туралы» қаулыға қол қойды.
Қаулыға сәйкес, 2022 жылғы Наурыз ұлттық мейрамын республикада «Армысың Әз-Наурыз – жаңару, мейірімділік және ізгілік мерекесі!», деген идея негізінде жалпыхалықтық мерекелер түрінде кеңінен аталып өтілмек.
Наурыз ұлттық мерекесі Қарақалпақстан Республикасын, облыс орталықтары мен Ташкент қаласында, сондай-ақ барлық қалалар мен аудандарда, ауылды-мекен жайларда тойланады. Ташкенттегі «Жаңа Өзбекстан» саябақ кешенінде арнайы бағдарламалар бойынша халықтық фестивальдер өтеді.
Мерекеге орай Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылар мен ардагерлер, аға буын өкілдері, балалар үйінің тәрбиеленушілері, «Темір дәптер», «Әйелдер дәптері», «Жастар дәптеріне» енген жандар хәлінен хабар алу ұсынылған.
Қаулыда барлық іс-шаралар карантиндік ережелер мен қоғамдық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтай отырып өтуі керектігі көрсетілген.