English
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Мемлекет басшысы мектептегі білім сапасын арттыру жөнінде тұсаукесермен танысты
18:32 / 2024-11-07

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев мектептерде музыка, дене шынықтыру және әскери-патриоттық пәндердің сапасын арттыру бойынша тұсаукесермен танысты.

Бұл туралы 30 қыркүйекте Педагогикалық шеберлік ұлттық институтында мұғалімдермен болған кездесуде айтылған еді. Мемлекет басшысы осы үш бағыттың тұлға қалыптасуындағы маңызына ерекше көңіл бөліп, оларды оқытуды жетілдіру қажеттігін атап өткен болатын.

Мысалы, мектептегі музыка мұғалімдерінің 21 пайызы тек орта арнайы білімге ие. Кейбіреулер музыкалық аспаптарда ойнай алмайды. Өйткені салада музыка мұғалімдерінің практикалық біліктілігін арттыру жүйесі жоқ және өнер мектептерімен ынтымақтастық жолға қойылмаған. Мәдениет институттарының түлектері мұғалімдікке қабылданбайды.

Осыған байланысты мектептерде сабақтардың сапасын арттыру бойынша бірқатар шаралар ұсынылуда.

Атап айтқанда, музыка мәдениеті пәні мұғалімдерінің білім деңгейі мен кәсіби шеберлігі бағаланып, біліктілікті арттыру жүйесі енгізіледі. Осы бағытта оқу құралдары мен мұғалімдерге санат беру жүйесінің жаңа тәртібі әзірленеді.

«Тұран мектеп театры» тәжірибесіне сүйене отырып, мектептерде «Иқтидор» («Ықылас») әуесқой шығармашылық ұжымдары ұйымдастырылады. Жоғары оқу орындарының музыка және өнер мамандығы түлектеріне мектептерде жұмыс істеуге рұқсат беріледі.

Өңірлердегі музыка және өнер мектептерін жалпы білім беретін мектептерге тірек ретінде бекіту және дарынды оқушыларды анықтау мақсатында тұрақты байқаулар өткізу қажеттілігі айтылды.

Жастарды бұқаралық спортқа кеңінен тарту да маңызды. Мектептерде 22 олимпиадалық, 19 олимпиадалық емес, 4 ұлттық спорт түрі үйретілмек. Алайда, дене шынықтыру мұғалімдері үшін әдістемелік құралдар жоқ, оқушыларды іріктеу жүйелі емес.

Сондықтан дене шынықтыру пәні бойынша оқу құралдары әзірленіп, оқу бағдарламалары жетілдіріледі. Осы пән мұғалімдерінің білім деңгейі мен кәсіби шеберлігін анықтау бойынша ұлттық бағалау жүйесі енгізіледі.

Келесі оқу жылынан бастап барлық жерде мектеп спорт клубтары кезең-кезеңімен құрылады. Осы бағытта мұғалімдерге санат беру жүйесінің жаңа тәртібі мен мектептердің спорт бойынша рейтинг жүйесі әзірленеді.

Бүгінде заман әрбір азаматтан патриот болуды талап етеді. Әсіресе, әскери қызметкерлер, шақыруға дейінгі алғашқы дайындық пәні мұғалімдері үлгі болуы тиіс.

Қазіргі таңда мектептерде шамамен 10 мыңдай осындай педагог жұмыс істейді. Алайда олардың 27 пайызы маман емес. 2750 мектепте осы пән үшін жеткілікті жағдай жасалмаған.

Осы себепті шақыруға дейінгі алғашқы дайындық мұғалімдері штаты Қорғаныс министрлігіне өтеді. Енді бұл қызметке Қарулы күштер резервіндегі әскери мамандар алынады.

Бұл пән бойынша жаңа оқу бағдарламасы мен оқулықтар жасалады. Әрбір аудан мен қалада бір мектеп негізінде «Жасұлан мектебі» қызметі жолға қойылады.

Жауапты азаматтар осы жұмыстарды ұйымдастыру жоспарлары бойынша ақпарат берді. Жоғары оқу орындарында осы бағыттар бойынша педагогтар даярлауды түбегейлі өзгерту, біліктілік талаптарын және білім сапасын арттыру жөнінде тапсырмалар берілді.