Oʻzbek
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Мемлекет басшысы ЖОО студенттерін жұмысқа орналастыру бойынша жиын өткізді
23:48 / 2022-03-04

2022 жыл наурыздың 4-і күні Президент Шавкат Мирзияевтің төрағалығымен университет студенттерін жұмыспен қамтудың басым бағыттарына арналған бейнеконференциялы жиын өтті.

Мемлекет болашағы, барлық сала мен жобалардың табысты болуы білімді, заман талабына сай ойлы, өз ісінің шебері болған тұлғаларға байланысты. Сондықтан республикада білім мен адами капиталды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.

Қазіргі таңда ел аумағындағы университеттерде күндізгі оқу түрінде 510 мың студент (барлығы 820 мың) білім алуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес студенттермен сұхбат, сауалнамалар жүргізілді. 100 мыңға жуық студент жұмыс істеп, қосымша табыс табуға мұқтаж екенін айтты. Атап айтқанда, олардың ішінде 7,5 мың жетім немесе мүмкіндігі шектеулі студенттер болса, 4,5 мың оқушы түрлі «дәптерге» енгендер.

– Университет – үлкен отбасы. Бұл шаңырақтың басшысы – ректор. Ата-ана ең үлкен байлығын, баласын сіздерге сеніп тапсырған. Сондықтан ректорлар әр студентпен жеке кездесуі керек. Осыған байланысты нақты жағдайды біле отырып, ол студенттердің отбасылық жағдайы, олардың ахуалы, қалай оқитыны, проблемалары мен ұсыныстары туралы ай сайын есеп беріп, бұл мәселеге жеке жауап беретін болады, – деді Шавкат Мирзияев.

Қазіргі таңда республикада студенттер жұмыс істей алатын 105 мың бос жұмыс орны бар. Білім және қызмет көрсету саласында 22 мың, өнеркәсіпте 17 мың, денсаулық сақтауда 9 мың, құрылыс пен ауыл шаруашылығында 6 мың, қаржыда 3 мың, байланыс пен ақпараттық технологиялар саласында 2500 жұмыс орны бар.

– Шенеуніктер мұқтаж студенттерге көмектесіп, олардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуі керек, – деді Мемлекет басшысы.

Бүгінгі жиында осы жұмысты жүйелі ұйымдастыру үшін Премьер-Министрдің басшылығымен республикалық комиссия құрылатын болды. Осындай комиссиялар облыс әкімдерінің жетекшілігімен өңірлерде де құрылатын болады.

Комиссия облыс әкімдері, ректорлармен бірлесе отырып, бос орындарды саралап, әр өңірде бірінші, екінші, үшінші курс студенттерінің кемінде 30-40 пайызын жұмысқа орналастыру шараларын қолға алмақ. Сонымен қатар, бітіретін курс студенттердің болашақтағы жұмысқа орналасуын анықтайды және оларды 3-4 айлық ақы төленетін өндірістік тәжірибеге жібереді.

Мемлекет басшысы жоғары оқу орындарындағы бос бөлмелер мен ғимараттарды студенттерге тегін беру арқылы ақылы курстар, үйірмелер және басқа да қызметтер мен өндірістерді ұйымдастыру арқылы жұмыс орындарын ашуға болатынын атап өтті.

Ректорлар оқу орнының бағытына қарай, халық пен кәсіпкерлерге ақылы қызмет көрсетіп 5 мың студентке қосымша табыс әкелетін жағдай жасауы керектігі айтылды.

Шенеуніктерге әр жоғары оқу орнында бір ай ішінде жұмыспен қамту орталықтарын, сондай-ақ сол жерде студенттерге он күн бойы тегін бөлмелер мен жағдай жасау, кемінде 10 ақылы курстар, тұрмыстық және басқа да қызметтерді ұйымдастыру тапсырылды. Бұл арқылы 5 мың студент табыс әкелетін жұмыс орындарына орналасады.

Бұл жұмысқа мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалатын болады. Атап айтқанда, жоғары оқу орындарының аумағында ақылы курстар, спорт клубтары және басқа да қызметтерді ұйымдастыратын студенттер табыс салығынан босатылады. Жалпы, университеттер аумағында студенттік жобаларға 100 миллиард сум несие ресурстары бөлінеді.

Сондай-ақ студенттердің бос уақытында жұмыс істеп, табыс табуы үшін ректорлар бір айдың ішінде өз аймағында бір коворкинг орталығын ашуға кірісуі керектігі айтылды.

Тағы бір мәселе, жоғары оқу орындарындағы басқарушы, техникалық, сервистік және педагогикалық көмекші лауазымдарындағы бар бос орындарға 3 мыңнан астам студент жұмысқа орналаса алады.

Ташкент медицина академиясында 70 студент іс жүргізуші, лаборант, кітапханашы, қоймашы болып жұмыс істеуде. Бірақ қазір университеттердегі көптеген лауазымдарға жоғары білімді болуы талап етіледі. Сондықтан ректорларға ерекше жағдай ретінде студенттерді білімдері мен мүмкіндіктеріне қарай өз жүйесіндегі лауазымдарға орналастыруға рұқсат берілетін болды.

Сонымен қатар, студенттерге барлық мемлекеттік органдар мен мекемелерде жұмыс істеуге рұқсат етіледі.

Мәселен, жоғары оқу орындарының айналасындағы қала мектептері мен балабақшаларда 13 мың бос орын бар. Шенеуніктерге бір айдың ішінде кемінде 10 мың студентті мектептер мен балабақшаларға жұмысқа орналастыру шараларын қабылдау тапсырылды. 

Орталық банк тәжірибесіне сүйене отырып, экономика, қаржы, құрылыс, энергетика, ауыл және су ресурстары министрлігі, салық, кадастр органдары студенттердің ақылы тағылымдамадан өтуін ұйымдастыру және үздік нәтижеге жеткендерге жұмыс орындарын ұсыну жүйесін енгізеді.

Бұл жаңа жүйе арқылы жыл сайын 3000  мың студент жұмысқа орналасады.

Сонымен қатар, жиында 2022 жылы мемлекеттік гранттар есебінен қаржыландырылатын ғылыми жобаларға кемінде 3 мың студент тартылуы тиіс екені айтылды. Осы мақсатта университеттердегі ғылыми жобалар құрамының кем дегенде 40 пайызын студенттер есебінен қалыптастыру міндеті тұр.

Мемлекет басшысы облыс, қала әкімдері ректорлармен бірлесе отырып, жоғары оқу орындары мен жеке сектор арасында жүйелі ынтымақтастық орнатып, 30 мың студентті жұмыспен қамту керектігін қадап айтты. Аймақ әкімдері жұмыс берушілермен бірлесе отырып бос орындар және тағылымдама жәрмеңкелерін, студенттер үшін іскерлік кездесулер ұйымдастыратыны айтылды.

Екі айдың ішінде облыс әкімдері жыл соңына дейін 10 мың студентті жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретін университеттер мен ірі компаниялар, кластерлер және басқа да кәсіпорындар арасында ынтымақтастық жүйесін орнатуы керек.

Жиында 2021 жылы студенттік жатақхана жүйесі құрылғаны айтылды. Дегенмен, барлық өңірлерде жұмыстың біркелкі жүргізілмейтіні сөз болып, бір айдың ішінде бұл тұрғыда еш өзгеріс енгізбеген аймақ басшысы мен университет ректоры қызметінен босатылатыны белгілі болды.

Республикадағы қай университеттің ректоры өзі басқаратын университетте студенттер жатақханасын салуға кететін қаражаттың 50 пайызын ЖОО есебінен өтейтін болса, қалған 50 пайызы бюджеттен қарастырылады.

– Тағы бір өзекті мәселе. Бүгінде Украинаның жоғары оқу орындарында 370-тен астам жастар білім алуда, олардың 200-ге жуығы елге оралды. Қалғанын алдағы аптада қайтару үшін барлық шараларды қолданып жатырмыз, – деді Мемлекет басшысы.

Украинадан оралған студенттерге бір апта ішінде республикадағы жоғары оқу орындарында оқуын жалғастыру үшін барлық жағдайды жасау үшін комиссия құрылғаны айтылды.