Oʻzbek
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Мемлекет басшысы «Жас шекарашылар» әскери-академиялық лицейіне барды
23:48 / 2023-03-13

Президент Шавкат Мирзиёев Термез қаласындағы «Жас шекарашылар» әскери-академиялық лицейінде болды.

Лицейге өткен жылы жаңа ғимарат салынған. Мұнда 200-ден астам студент қоғамдық және нақты ғылымдар салаларында білім алуда.

Мемлекет басшысы мұнда Отанды қорғау және ел тыныштығы жолында қаза тапқан әскери қызметкерлердің отбасы мүшелерімен кездесті. Бейнебайланыс арқылы шараға Қарақалпақстан Республикасы мен облыстардың өкілдері де қатысты.

Тәуелсіздікке қол жеткізіп, бейбітшілікті сақтау өздігінен пайда болмайтыны белгілі. Халқымыз да талай сынақты басынан өткерді. Бейбіт өмірімізді бұзатын әрекеттер, лаңкестік жағдайлар болды. Ержүрек әскерилеріміз ерлік көрсетіп, жауыз күштерге ауыр соққы берді. Өкінішке қарай, бұл күресте жүздеген ержүрек жауынгерлеріміз бен тәртіп сақшылары қаза тапқан.

Кездесуде Мемлекет басшысы олардың есімдерін атап өтті. Осындай ержүрек перзенттерді өмірге әкеліп, оларды нағыз патриот етіп өсірген ата-аналарға, олардың жұбайларына, балаларына ұлтымыздың атынан шексіз алғысын білдірді.

– Ел үшін жанын пида еткен ұлдарымызды «өлді» деуге тіл бармайды. Олар отбасы үшін, Еліміз үшін әрқашан тірі, – деді Шавкат Мирзиёев.

Батыр ұлдардың есімін мәңгілік ету, олардың отбасы мүшелеріне жан-жақты қамқорлық пен қолдау көрсету мемлекетіміз бен қоғамның назарында. Қайтыс болған әскери қызметкерлер еліміздің жоғары ордендері және медальымен марапатталған. Оларға арнап «Өмір сүрген ержүрек ұлдардың есімі» атты естелік кітап шығарылған.

Президент қаулысымен 2018 жылдан бастап қаза тапқан әскери қызметшілердің балаларын жоғары оқу орындарына жеңілдетілген ұсыным негізінде қабылдау қолға алынды. Осы негізде бүгінге дейін 278 ұл-қыз жоғары оқу орындарына түсті.

Мемлекет басшысы әскери қызметкерлердің отбасыларына көңіл бөлу мен қамқорлық әрдайым жалғаса беретінін атап өтті. Осы мақсатта бүгін «Отанды қорғау және еліміздің тыныштығы жолында қаза тапқан әскери қызметкерлердің отбасы мүшелерін әлеуметтік қолдауды күшейту шаралары туралы» Президент жарлығы қабылданды.

Қазіргі уақытта қаза тапқан сарбаздар мен тәртіп сақшыларының 270 мүгедек отбасы мүшелері асыраушысынан айырылуына байланысты зейнетақы алуда. Енді қаулыға сәйкес, отбасының әрбір мүшесіне төленетін зейнетақы мөлшері 25 пайызға өседі. Осының нәтижесінде отбасының әрбір мүшесі орташа есеппен 2 миллион сум зейнетақы алады.

Екіншіден, қаза тапқан әскери қызметкерлердің отбасы мүшелерінің 82-сі қазіргі таңда баспанасыз, 21-і пәтер жалдап, 61-і туыстарының үйінде тұрады. Енді бірінші кезекте мұқтаж отбасыларға баспана беріліп, жеңілдетілген ипотекалық несие алу мүмкіндігі жасалады. Отбасы мүшелеріне пәтер жалға алуы үшін 1 800 000 сумға дейін ақша беріледі. Сонымен қатар, қаза тапқан әскери қызметшілердің балалары балабақша, колледж, техникум және университетте тегін білім алады.

Үшіншіден, отбасы мүшелерінің табысының салықтан босатылған сомасы екі есе өседі. Бұл тәртіп қызметкердің балаларына да қатысты. Осының нәтижесінде қайтыс болған қызметкердің отбасына ай сайын орта есеппен 700 мың сум қосымша ақша қалады.

Төртіншіден, осы санаттағы әскери қызметшілердің отбасы мүшелері бұдан былай әскери госпитальдарда тегін емделуге құқылы және шұғыл стационарлық медициналық көмек алатын болады. Оларға дәрі-дәрмек пен протездік-ортопедиялық құралдар беріледі, ота шығындарын мемлекет өтейді. Қызметкердің ата-анасы мен жұбайы жыл сайын шипажайда тегін емделеді, ал балалары лагерьлерде демалады. Олардың ата-аналары жылына екі рет теміржол және әуе көлігімен тегін қатынайтын болады.

Бесіншіден, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларын әскерилер мен құқық қорғау органдары тарапынан қамқорлыққа алу тәжірибесі енгізіледі. Сонымен қатар, мұндай қиын жағдайдағы отбасыларға облыс үкіметтері тарапынан ай сайын 400 мың сум көлемінде жәрдемақы беріледі.

Отанға ант берген қызметші қайғылы жағдайлардан кепілдендірілмгені белгілі. Бұдан былай, қызметкер қызметтік міндетін атқару кезінде қаза болса, оның отбасына жалақысының 150 еселенген біржолғы жәрдемақысы беріледі. Яғни, бұл жәрдемақы орта есеппен 300 миллион сумдан 500 миллион сумға дейін көтеріледі. Қаза болған жағдайда сақтандыру төлемі 25 миллион сумдан 60 миллион сумға дейін өседі.

Мемлекет басшысы осындай ержүрек тұлғаларды тәрбиелеген ата-аналар мен балалар елімізді әрқашан мақтан тұтуы керектігін баса айтып, «Эл-юрт фидойиси» төсбелгісін бекітуді ұсынды. Бұл төсбелгі куәлігіне Бас қолбасшы қол қояды. Осы марапат иегерлері барлық жеңілдіктерге ие болады.

Бүгінде әлемнің әр түкпірінде жаңа қауіптер мен қарулы қақтығыстар орын алуда. Мұндай қауіпті жағдайдың халқымызды алаңдатуы заңдылық. Сондықтан еліміздің тәуелсіздігі мен халқымыздың тыныштығын қорғауға үлкен мән берілуде.

– Әскери-жауынгерлік әлеует пен жоғары моральдық әлеует Өзбекстан Қарулы Күштерінің екі үлкен тірегіне айналуы тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Өткен жылы әскери қызметкерлердің адамгершілік-рухани дайындығы мен жауынгерлік рухын арттыру тұжырымдамасы қабылданып, «Отанға қолдау» балалар мен жасөспірімдер қозғалысы құрылды. Бұл жастардың жүрегінде отансүйгіштік сезімін оятуға септігін тигізуде.

Мемлекет басшысы Отанының азаттығы жолында құрбан болған ұлдардың ерлігі өскелең ұрпаққа үлгі екенін, олар туралы туындылар жасалуы керектігін баса айтты.

– Ізгі мақсат жолында бірлескен ұлт пен мемлекетті ешбір күш жеңе алмайды. Құдайым, батыр ұлдарымыздың ақыреті абат болсын. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын, деді Президент сөзінің соңында.

Осымен Президент Шавкат Мирзиёевтің Сұрхандарияға сапары аяқталды.