29 тамызда Үргеніш қаласында Жалалиддин Мангуберді мемориалдық кешенінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Салтанатты шараға Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзияев келіп, қоғам өкілдерімен бірге мүсінді ашты. Мемлекеттік әнұран шырқалды.
Мемлекет басшысы өз сөзінде қолбасшының тұлғасы мен оның тарихтағы орнын ерекше атап өтті.
– Жалалиддин Мангуберді – ел тәуелсіздігі үшін күрескен, осы жолда жанын пида еткен бабаларымыздың ірі өкілі. Отанға деген сүйіспеншілік пен адалдық, ар-намыс пен даңқ жағынан әлемде Жалалиддин Мангубердіге тең келер ұлы жандар сирек кездеседі, – деді Шавкат Мирзияев.
Жалалиддин 1198 жылы дүниеге келген және тарихта ұмытылмас із қалдырған қаһарман тұлға. Ол моңғол әскерінің шабуылынан барлығы қорқа қашқан кезде, бар болғаны 21 жасында алаңға қорықпай шықты. 11 жыл бойы монғол басқыншыларына қарсы 300-ден астам шайқасқа қатысып, оларға төтеп берді. Оның батылдығын Шыңғысхандай ұлы билеуші де көріп: «Осындай батыр ұлы бар әке қандай бақытты» деген. Ержүрек ханзада тағдырдың қатал сынағын ерлікпен жеңіп, 32 жасында сатқындардың қолынан қаза тапты.
Сұлтан Жалалиддин өз елін ғана емес, әлемнің ондаған елдерін басқыншылардың шабуылынан қорғады. Оның есімі, өлмес ерлігі халық арасында, түрлі ұлттар мен ұлыстар арасында аңызға айналды.
Өзбекстан егемендік алғаннан кейін осынау ұлы бабаның есімі қайта жаңғыртылды. Батырдың өмірге келген күні лайықты атап өтілді. Республикадағы ең жоғары наградаларының бірі – Жалалиддин Мангуберді ордені тағайындалды. Оның өміріне арналған ғылыми және көркем шығармалар жасалды. Атап айтқанда, түрік кинематографистерімен бірлесе отырып, «Мендирман, Жалолиддин!» атты көп бөлімді тарихи фильм түсірілді. Ұлы қолбасшыға лайық ұлтжанды ұлдарды тәрбиелеу мақсатында Үргеніште Жалалиддин Мангуберді атындағы әскери академиялық лицей құрылды.
Хорезм орталығында салынған мемориалдық кешен де осындай тарихи туындылардың бірі. Бұл бастаманы 2018 жылы Президент көтерген болатын. Тарихшылар, өнертанушылар мен құрылысшылардың қатысуымен мүсіннің орны, сыртқы түрі, мазмұны жан-жақты талқыланды. Оны салу кезінде Мемлекет басшысы бірнеше рет барып көрді.
Осылайша биіктігі 25 метрлік зәулім мүсін тұрғызылды. Онда тұлпардың тізгінін ұстап, ел қорғауға аттанып бара жатқан Жалалиддин Мангуберді батыр бейнеленген.
Мүсіннің алдына Жалалиддин Мангубердінің эпитафиясының көшірмесі орнатылды. Иран жерінен табылған салмағы 32 келі, биіктігі 30 сантиметр болатын бұл таста қасиетті Құран аяттары, Жалалиддин Мангубердінің шежіресі, ескерткіштің жасалу тарихы жазылған. Оның түпнұсқасы қазір Лондондағы әйгілі Британ мұражайында сақтаулы. Бұл да ұлы қолбасшының әлемдік тарихтағы теңдесі жоқ атақ-даңқын айғақтайды.
Кешен орналасқан 8 гектарға жуық аумақта, Әл-Хорезми және Ислам Каримов көшелерінде үлкен құрылыс жұмыстары жүргізілді. Осы аумақтың астынан автокөлік қатынайтын туннел салынды. Ауданда 18 мыңға жуық сәндік ағаштар, гүлдер мен көшет отырғызылды.
Бұл алаң күн сайын түрленіп, көркейіп келе жатқан Хорезм бейнесі үшін тағы бір көрікті болды. Атап айтқанда, соңғы бес жылда облыста барлық аудан орталықтары, 100-ге жуық ауыл мен ықшамаудандар абаттандырылды. Туристер үшін 80 жаңа қонақүй салынды.
«Ашық аспан астындағы мұражай» атанған Хиуа қаласына темір жол жетіп, жаңа теміржол вокзалы ашылды. 2024 жылы мұнда «Афросияб» жүрдек пойызын әкелу жоспарлануда. Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Хиуа қаласын 2024 жылы «Ислам әлемінің туристік астанасы» деп жариялауы осы күш-жігердің лайықты бағасы болды.
Осындай жұмыстарды дәйекті түрде жалғастыра отырып, жергілікті және шетелдік туристер үшін барлық жағынан тартымды «Хорезм» туристік брендін жасау жұмыстары жүргізілуде. Жалалиддин Мангуберді кешені тарихи көрінісі, әсемдігі және ыңғайлылығымен туризмде ерекше орын алады.
Мемлекет басшысы ұлы қолбасшының өмірі мен қызметін терең зерттеп, оны халқымыз арасында, әсіресе, жастар арасында кеңінен насихаттау қажеттігін баса айтты.
Атап айтқанда, осындай зерттеулердің арқасында ұлы қолбасшының бейіті Түркияның Силван қаласынан табылды. Мемлекет басшысы түрік ағайындармен бірге ол жерге символикалық кесене салуды ұсынды.
Шынайы ғалымдар мен жазушылардың ғылыми-шығармашылық ізденістерін қолдау, Жалалиддин Мангубердінің ерлік тарихын толық қамтитын ғылыми энциклопедия жасау маңызды міндет екені айтылды.
– Жасындай өткен азғана ғұмырында Отанына шексіз сүйіспеншілік пен адалдық және жоғары әскери әлеует танытқан Жалалиддин Мангуберді сынды ұлы бабаларымызды мақтан тұтқанымыз абзал. Жылдар, ғасырлар өтеді, Сұлтан Жалалиддин әрқашан елімізге қамқорлықтың, оған перзенттік махаббат пен сеніммен қызмет етудің өшпес белгісі болып қала береді деп сенемін, – деді Шавкат Мирзияев.
Салтанатты шарада Хорезмнің ақсақалдыры, зиялылары, әскери қызметшілер сөз сөйлеп, жиналғандарды құттықтады.
Ұлттық гвардияның Құрмет қарауылы мүсіннің алдынан «Жалалиддин Мангуберді» шеруінің әуенімен салтанатты түрде жүріп өтті.
Президент Шавкат Мирзияев Жалалиддин Мангуберді ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Салтанатты шара патриоттық концерттік бағдарламамен жалғасты.шавк