Президент Шавкат Мирзиёев 20 маусым күні инженерлік сала бойынша кадрлар даярлау және жоғары оқу орындарының қызметін одан әрі жетілдіру жөнінде бейнеселекторлық кеңес өткізді.
Әлемде бәсеке күшейген бүгінгі заманда еліміз ішкі ресурстарға сүйеніп, индустриялық дамудың даңғыл жолына түсті. Жылына 3000 өнеркәсіптік кәсіпорын іске қосылып, 150 мыңға жуық жұмыс орны ашылуда.
Биылғы жылы мемлекеттік инвестициялық бағдарламалар негізінде 21 триллион сумдық жобалар жүзеге асырылады. Сондай-ақ биыл 37,5 миллиард долларды құрайтын шетелдік және өңірлік инвестициялық жобалар көзделіп отыр.
Осыған сәйкес, мемлекет ғылым, білім, инновацияға көңіл бөлуде. Мысалы, кейінгі төрт жылда 1727 практикалық, инновациялық, іргелі және стартап жобаларға 2,2 триллион сум бөлінді. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын қаржы екі есе өскен.
Бірақ бұл бағыттағы нәтижелер, жоғары білікті инженерлер әлі де жеткіліксіз. Жоғары оқу орындары мен өндіріс арасында байланыс жоқ.
Сондықтан жиынға техника бойынша оқу орындарының ректорлары да шақырылды.
Мемлекет басшысы алдымен саладағы мәселелерге тоқталды.
Өзбекстандағы 36 мемлекеттік техникалық жоғары оқу орнынан жылына 67 мың түлек бітіреді. Бірақ ондағы бағдарламалар мен мамандықтар өндірушілердің талаптарына сай емес. Соның салдарынан инженерлердің 60 пайызы оқыған мамандығы бойынша жұмыс істемейді.
Жоғары оқу орындары іргелі зерттеулер жүргізумен шектеліп, экономика үшін практикалық әзірлемелер өте аз. Инженерлік бағытта жүздеген стартаптар мен инновациялық жобалар қағаз жүзінде қалып қоюда.
Шетел университеттерінде «бағалық инженерия», «салыстырмалы инженерия», «кері инженерия» сияқты мамандықтар бар. Біздің техникалық университеттерде бұл жолға қойылмаған. Соның салдарынан жергілікті өндіріс орындары қыруар қаржы жұмсап, жұмысшыларды шетелде оқытуға немесе шетелден мамандар әкелуге мәжбүр.
Кейінгі жеті жылда жоғары біліммен қамту 5 есеге өскенімен, жастардың инженерлік-техникаға қызығушылығы өте төмен. Университеттер мен ғылыми зертханалардың кейбір жабдықтары ескірген. Көптеген профессорлар мен оқытушылар практикадан қол үзген. Ректорлар кәсіпорындарға барып, жаңа технологиялармен таныспайды, жабдықтар мен станоктарды зерттемейді.
Соңғы төрт жылда жоғары оқу орындарының ғылыми зерттеулерге қол қойған келісімшарттары 3 есеге артты. Олардан түскен табыс 6 есеге өсті. Бірақ ғылыми әзірлемелердің нәтижелерін өндіріске енгізу өте төмен. Өнертабысты патенттеуде бәрі бірдей емес.
Мемлекет басшысы саланы дамытудың жаңа бастамаларын жария етті.
Енді технология саласындағы оқыту және ғылыми-зерттеу процестері озық тәжірибе негізінде толығымен өзгереді. 36 жоғары оқу орны мен олардың филиалдары біртіндеп кеңейіп, жалпы 20 жоғары оқу орны қалады. Олар толықтай дуальды оқыту жүйесіне көшеді.
Еңбек нарығында сұранысқа ие емес мамандықтар қысқартылады. Кейбір кафедралар біріктіріледі. Деканаттардың студенттерге қызмет көрсету функциялары толығымен цифрландырылатын болады. Шетелдегідей «Тіркеу кеңсесі» құрылады.
Әрбір университет Германия, Жапония, Қытай, Ресей, Италия, Түркия, Оңтүстік Корея, Сингапур сияқты дамыған серіктес елдеріміздің беделді техникалық университеттерімен ынтымақтастық орнатады.
«Желі – кәсіпорын – университет» тізбегі негізінде әрбір ЖОО-ға өндірістік серіктес бекітіледі.
Барлық инженерлік жоғары оқу орындары серіктес кәсіпорындарда кафедралар ашып, дуальды оқытуды жолға қояды. Бұл ретте кәсіпорындар кафедраларды жабдықтау, мұғалімдер мен студенттерді ынталандыруға қаражат бөледі. Студенттердің практикасы және дипломдық курстары толығымен серіктес кәсіпорындарда ұйымдастырылады.
Министрліктер мен кәсіпорындар жүйесінде 32 салалық кеңес құрылады. Олар институттармен техника салаларындағы ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын анықтап, тапсырыс берушіге айналады.
Сондай-ақ, бірінші кезеңде 10 жоғары оқу орнында «Жоғары инженерлік мектептер» ашылады. Оларда екі жылдық қолданбалы магистратура бағдарламалары іске қосылып, өндірушілердің тапсырысы бойынша үміткерлер таңдалады. Кәсіпорындар «Жоғары инженерлік мектепте» зертхана ашу және жабдықтауға қаржылық қолдау көрсетеді. Мемлекет те бюджеттен қаржы бөледі.
Енді жоғары оқу орындарының тәжірибелік-өндірістік кәсіпорын мәртебесі заңмен күшейтілмек. Оларға IT-парк резиденттеріне қолданылатын артықшылықтар беріледі. Еншілес кәсіпорынның жұмыс күшінің кем дегенде 60 пайызы докторант және студенттерден құралады.
Келер жылы техникалық жобаларға мемлекеттік гранттар 4 есеге өседі. Кәсіпорынға университетпен серіктес ұйым да құрылтайшысы болуға рұқсат етіледі.
Облыс әкімдері мен сала басшылары ғылыми-өндірістік жобалар үшін университеттерге 10 миллиард сумға дейін тікелей тапсырыс бере алады.
Инвестициялық жобалар құнының кемінде жарты пайызын ғылыми жұмыстарға бөлу жүйесі енгізіледі.
Инженерлік бағытттар бойынша «Үздік идея», «Үздік жоба» және «Үздік өнертабыс» республикалық байқаулары өтеді. Оған оқытушылар, студенттер және практикант инженерлер қатыса алады. Бірінші орын иесіне электромобиль беріледі.
Сондай-ақ идея, жоба және өнертабыс авторы болған үздік 10 қатысушы Германия, Жапония, Қытай, Ресей, Италия, Түркия, Оңтүстік Корея, Сингапур сияқты елдерге тағылымдамадан өтуге жіберіледі.
Жиналыс ашық пікір алмасу түрінде жалғасты. Сала жетекшілері, ғалымдар, ректорлар мен инженерлер саладағы ғылым мен білімнің дамуына қатысты өз пікірлерін білдірді.
Олардың ұсыныстары негізінде арнайы қаулы жобасын әзірлеу тапсырылды.
– Экономикамыздың қарқынды дамуы үшін жоғары білікті инженер-технологтар су мен ауадай қажет. Әрбір министр, желі басшысы, ректор мен профессор-оқытушы жауапкершілікті терең сезініп, аянбай тер төгіп, ізденсе, оған міндетті түрде жетеміз, – деді Шавкат Мирзиёев.