Президент Шавкат Мирзиёев 31 шілде күні Венгрия, Әзірбайжан және Жапониямен инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Бұл елдердің экономикалық және инвестициялық мүмкіндіктері зор екені белгілі. Соңғы жылдардағы тұрақты диалогтардың арқасында Өзбекстанның олармен қарым-қатынасы стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді, ынтымақтастықтың түрлі салаларындағы байланыстар жанданды.
Мемлекет басшысы 2019 жылы Жапонияға, 2022 жылы Венгрияға ресми сапармен барды. Өзбекстанға Әзірбайжан Президенті мен Венгрияның Премьер-министрі келді. Сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, «Орталық Азия-Жапония» құрылымдары аясында да тұрақты пікір алмасулар жүріп жатыр.

Саяси жігер мен өзара мүдденің нәтижесінде Венгриямен 33, Әзірбайжанмен 27, Жапониямен 13 жоба бойынша келісімдерге қол қойылған.
Жиында аталған жобалардың іске асырылу жағдайы мен оларды жүзеге асыру үшін құрылған жүйе туралы ақпарат берілді.
Мәселен, Венгриямен ынтымақтастықта құс кластерін құру, әуе компаниясын ашу, дәрі-дәрмек, құрамдас бөліктер мен химиялық өнімдер шығару жоспарланған.

Әзірбайжанмен энергетика, химия, көлік, машина жасау, құрылыс салаларында ынтымақтастық жасалған.
Жапониямен жобалардың ауқымы кең: энергетика, туризм, денсаулық сақтау, фармацевтика, тоқыма өнеркәсібі, мал шаруашылығы.
Жалпы, Венгрия, Әзірбайжан және Жапония елдерімен серіктестікте жүзеге асырылатын бұл жобалардың нәтижесінде 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары мен 1 миллиард 700 миллион долларға жуық экспорттық мүмкіндіктер ашылады деп күтілуде.

Мемлекет басшысы жобаларды уақтылы және сапалы жүзеге асыру, бұл тұрғыда шенеуніктер мен инвестициялық менеджерлердің жұмысын жандандыру қажеттігін айтты.
Екіжақты диалогтарды, соның ішінде іскер топтардың өзара сапарларын ұйымдастыру арқылы жаңа жобалар бойынша ұсыныстар әзірлеу міндеті қойылды. Ынтымақтастықтың жаңа перспективалы бағыттары ретінде өнеркәсіп, ақпараттық технологиялар, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, қызмет көрсету, білім беру және инновациялар атап өтілді.