French
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Мемлекет басшысы Имам Бұхари кесенесін зиярат етті
13:38 / 2025-11-25

Президент Шавкат Мирзиёев 25 қараша күні әлеуметтік-экономикалық реформалар барысымен танысу және алдағы міндеттерді жергілікті белсенділермен бірге айқындап алу үшін Самарқанд облысына жұмыс сапарымен барды.

Мемлекет басшысы сапарын дәстүрге сай Имам Бұхари кесенесін зиярат етуден бастады. Құран оқылып, дұға жасалды.

Президенттің бастамасымен бұл кешен ұлы мұхаддис бабамыздың ислам әлеміндегі жоғары мәртебесі мен үлкен беделіне лайық етіп қайта салынды. Жалпы аумағы 45 гектарды қамтитын бұл мекенде алып кесене, 10 мың адамға арналған мешіт пен әкімшілік ғимараты, музей құрылды. Зиярат кешенінің төрт бұрышындағы 75 метрлік мұнаралар оған айрықша көрік беріп тұр.

Бұл орын тек зиярат ететін мекен ғана емес, сондай-ақ білім, тәрбие және үлгі-өнеге орталығы болуы керектігі ескеріліп, кешенде инновациялық музей ұйымдастырылған. Ол ислам әлемінде «мұхаддистер сұлтаны» деп танылған Имам Бұхаридің өмірі мен ғылыми мұрасын, сондай-ақ ислам өркениетінің дамуына қосқан үлесін кеңінен танытады.

Кешен бұған дейін тәулігіне 12 мың зияратшыға қызмет көрсете алса, қазір 65 мыңнан астам мейманға халықаралық стандарттарға сай қызмет көрсету мүмкіндігі жасалған.

Бұдан бөлек, аумақта Имам Бұхари халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы мен Хадис ілімі мектебі орналасқан.

Зияратхана айналасында 570 миллиард сум қаржы есебіне қонақүйлер мен сауда-қызмет көрсету орындары салынды. Мұнда 1 төрт жұлдызды, 2 үш жұлдызды қонақүй және 22 отбасылық қонақ үй бой көтерді. Бұл нысандар толық инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, аумақ абаттандырылған. 2026 жылға дейін көгалдандыру жұмыстарын жалғастыру және автотұрақ ұйымдастыру жоспарланған.

Мемлекет басшысы Имам Бұхари зияратханасының халқымыздың бай рухани мұрасы мен жасампаздық әлеуетінің жарқын үлгісі екенін атап өтіп, кешенде жүргізіліп жатқан соңғы абаттандыру жұмыстарын сапалы әрі уақытында аяқтау бойынша жауапты тұлғаларға тапсырмалар берді.