Русский
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Мемлекет басшысы Euronews телеарнасына сұхбат берді
21:03 / 2025-04-01

-

Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің Самарқандтағы «Орталық Азия – Еуропа Одағы» алғашқы саммиті қарсаңында «Euronews» телеарнасына сұхбат берді 

 

– Соңғы жылдары әлемде геосаяси тұрақсыздық, экономикалық қатерлердің артуы, климаттың өзгеруіне байланысты проблемалар сияқты бірқатар күрделі жағдайлар халықаралық ынтымақтастықтың жаңа форматтарын талап етуде. 

Осы тұрғыдан алғанда, Самарқан қаласындағы «Орталық Азия – Еуропа Одағы» саммиті өңіраралық байланыстарда бетбұрыс сәтке айналуы мүмкін. Мұндай жаңа кезеңге шығуға не түрткі болды?

– Аймақтарымызды терең тарихи тамырлар, ортақ мүдде және тығыз серіктестікке деген ұмтылыс байланыстырады. Бүгінде біз Еуропа Одағымен 30 жылға жуық сәтті серіктестіктің нақты күн тәртібін қалыптастырдық.

Біздің Еуропа Одағымен әріптестігіміз – екіжақты қозғалыс, бұл байланыс екі тарап үшін де пайдалы болуы қажет.

«Орталық Азия – Еуропа Одағы» форматы – теңдесі жоқ ынтымақтастық алаңы. Ауқымы мен институттық қамтылуы жағынан бұл форматтың баламасы жоқ. 27 мемлекетті, соның ішінде «Үлкен жетілікке» мүше үш елді (Германия, Франция және Италия) біріктіретін Еуропа Одағы – Орталық Азиямен тұрақты өңіраралық ынтымақтастық орнатқан ең ірі интеграциялық құрылым. Еуропа Одағымен серіктестік – экономикалық даму мен инвестициядан бастап, қауіпсіздік пен цифрлық трансформацияға дейінгі кең салаларды қамтиды. Бұл – ұзақмерзімді стратегиялық басымдықтарға негізделген әріптестік.

Біз еуропалық серіктестерімізбен тұрақты түрде кездесіп келеміз. Өңірімізге жетекші мемлекеттердің басшылары жиі келіп-кететін болды. Өзбекстан Италия және Франциямен стратегиялық серіктестік орнатты. Германия мен Орталық Азия елдері аймақтық стратегиялық әріптестерге айналды.

Бүгінде Еуропа Одағы Орталық Азия мемлекеттерімен сауда және инвестициялық байланыстарды дәйекті түрде дамытып келеді. Соңғы жеті жылда Орталық Азия мен ЕО арасындағы тауар айналымы төрт есеге артып, 54 миллиард еуроға жетті.

Біз Еуропа бизнесінің Өзбекстан мен басқа да аймақ елдерімен сауда және инвестиция салаларында ынтымақтасуға деген қызығушылығының артып келе жатқанын қанағатпен бақылап отырмыз.

Аймағымыздағы оң өзгерістердің нәтижесінде Орталық Азия геосаяси маңызы бар, Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғайтын маңызды торапта орналасқан сенімді серіктеске айналып келеді. Бұл – «Орталық Азия плюс» форматтарында да көрініс табуда. Мұндай алаңдар ашық диалог орнатуға және барлық тараптар үшін өзара тиімді әріптестік орнатуға жол ашады.

Міне, осындай жағдайда Самарқан саммитінде Еуропа Одағы мен өңір мемлекеттері арасындағы стратегиялық серіктестіктің негізі қаланса, бұл өңіраралық ынтымақтастық пен өзара байланыстардың жаңа көкжиегін ашады.

 

– Саммиттің Самарқанд қаласында өтуі тегін емес. Осы таңдаудың астарында қандай символдық мағына бар. Самарқанд бүгінгі таңда диалог пен мүмкіндіктер алаңы ретінде қандай мәнге ие?

– Самарқанд – ғасырлар бойы сауда, ғылым мен дипломатияның орталығы болған көне шаһар. Оның ұлылығы – әртүрлі мәдениеттерді, халықтар мен идеяларды тоғыстыра алуында. Бүгінде Самарқанд тағы да Еуропа мен Орталық Азия арасындағы өзекті мәселелерді талқылайтын диалог алаңына айналып отыр.

Бұл қала Орталық және Оңтүстік Азия, сондай-ақ Таяу Шығыс халықтарының көпғасырлық халықаралық қатынастар тарихында ерекше орынға ие. Алты ғасырдан астам уақыт бұрын дәл осы жерден Мауераннахр билеушісі Әмір Темір Еуропа монархтарымен еркін және қауіпсіз сауда орнату мақсатында белсенді байланыс орнатқан еді.

Қазіргі таңда Самарқанд халықаралық аренадағы өзіндік орнын қайта қалпына келтіріп, еліміздің тарихи саяси және дипломатиялық мұрасын сақтап, оны жаңа мазмұнмен толықтырып келеді.

Тарихтан келе жатқан түсінікке сәйкес, Самарқандтан қарағанда, әлем бөлшектенген емес, қайта біртұтас әрі бөлінбейтін болып көрінеді. «Самарқанд рухы» атты бірегей феноменнің мәні де – осында. Ол халықаралық ынтымақтастықтың мүлде жаңа форматын қалыптастыруға негіз болуда.

 

– Соңғы жылдары өңірде орын алған негізгі өзгерістерді қалай сипаттар едіңіз, Орталық Азия бестігіне төрағалық ету кезеңінде Өзбекстан қай бағыттарға басымдық береді?

– Ең алдымен мынаны айрықша атап өткім келеді: Орталық Азия – Өзбекстанның сыртқы саясатының басым бағыты. Бұл бірқатар маңызды факторлармен байланысты. Біріншіден, бүгінгі жаһандық саяси картаға көз жүгіртсек, қарулы қақтығыстар, жанжалдар мен зорлық-зомбылықтың көбісі көрші мемлекеттер арасында орын алуда. Бұл жағдай Таяу Шығыс, посткеңестік кеңістік, Оңтүстік Азия, Африка және басқа өңірлерге де тән.

Өкінішке қарай, Орталық Азия да мұндай келеңсіздіктерден тыс қалған жоқ. Түрлі кезеңдерде бұл өңірде де қарулы қақтығыстар болды, шекаралық мәселелер, су-энергетика даулары, көлік пен байланыс саласындағы күрделі түйткілдер, қауіпсіздікке қатысты сын-қатерлер жағдайды ушықтырды. Мұндай жағдай ұзаққа созыла алмайтын еді. Қайшылықтар тереңдеді, түсініспеушіліктер күшейді, нәтижесінде өңірдің қауіпсіздігіне елеулі қауіп төнді.

Біз осы шынайы жағдайды дұрыс түсініп, стратегиялық шешім қабылдадық: Орталық Азияда конструктивті, тату көршілікке негізделген, өзара тиімді қарым-қатынастарды кезең-кезеңімен қалыптастыру. Бұл тәсілдің өзегінде өзара сенім мен құрмет, ортақ мүдделерді ескеру және мойындау жатыр.

Соңғы жылдары Орталық Азия түбегейлі өзгерді, жаңа кейіпке енді – конструктивті диалог, сенім және жан-жақты ынтымақтастық алаңына айналды. Мұның барлығы мемлекеттер басшыларының ортақ саяси ерік-жігерінің нәтижесінде мүмкін болды. Бүгінде бұл үдерістің кері шегінбейтініне нық сеніммен айталамыз.

2017 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 72-сессиясында Өзбекстан аймақтық Консультативті кездесулерін өткізу бастамасын көтерген кезде, біз бір қарағанда қарапайым, бірақ аса маңызды ойдан туындаған едік: егер өзара сенім мен ашық диалогты біз өзіміз бастамасақ, онда сыртқы әріптестер ешқашан өңірімізде бейбітшілік, тұрақтылық пен даму орната алмайды. Бұл үдеріс өзінің нәтижесін берді. Бүгінде біз ең күрделі мәселелерді келіссөздер арқылы шешіп жатырмыз, ортақ бастамаларды үйлестіріп, батыл қадамдар жасаудамыз.

Биыл Ташкентте Консультативті форматтағы жетінші кездесу өтеді. Мұндай жиындарда біз күн тәртібіндегі мәселелерді талқылап қана қоймаймыз, өзара ой бөлісеміз, сонымен бірге аймақ бейнесін өзгерте алатын нақты шешімдер қабылдап келеміз. Соңғы уақыттағы жарқын мысал – Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы мемлекеттік шекараны делимитациялау мәселесінің түбегейлі шешілуі. Бұл – екі тараптың ұзақ жылғы күш-жігерінің жемісі.

Сауда байланыстарын жандандыру үшін шекаралық сауда аймақтары құрылуда, бірлескен инвестициялық қорлар жұмыс істей бастады, ірі инфрақұрылымдық және өндірістік жобалар іске асырылуда.

Орталық Азия жаһандық көлік тізбектерінің маңызды буынына айналып отыр. Біз Транскаспий және Трансауған көлік дәліздерін белсенді дамытып жатырмыз – бұл мемлекеттеріміздің әлемдік нарықтарға шығу мүмкіндігін кеңейте түседі.

Осылайша, Орталық Азия енді тарихтың көлеңкесінде емес, өз стратегиялық күн тәртібін қалыптастырып жатқан, қарқынды дамып келе жатқан өңірге айналуда. Саяси ерік-жігер, жоғары деңгейдегі өзара сенім мен бірлескен экономикалық бастамалар өңірде тұрақты даму үшін жаңа мүмкіндіктер ашты.

Орталық Азия бестігіне Өзбекстан төрағалық ететін кезеңде біз үш басым бағытқа ерекше назар аударамыз: өңірлік қауіпсіздікті нығайту, экономикалық интеграцияны тереңдету және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету.

Бүгінгі таңда өңірімізді тек тұрақты ғана емес, сонымен қатар гүлденген ету үшін тарихи мүмкіндік туып отыр. Нық сеніммен айта аламын: бұл әлеуетті біз бірге жүзеге асыра аламыз.

 

– Өзбекстанда жүзеге асырылып жатқан қандай реформалар Еуропа Одағымен экономикалық әріптестікті жандандыруға ықпал етуде және Орталық Азиямен байланыстарды жаңа деңгейге көтеру үшін ЕО тарапынан қандай қадамдар жасалуы мүмкін?

– Бүгінде Өзбекстанда дәйекті түрде қолайлы іскерлік орта қалыптастырылып, нарықтық институттар дамып, инвестициялық жағдайды нығайтып келеміз. Маңызды қадамдардың бірі ретінде шетелдік инвесторлар үшін «бір терезе» жүйесі енгізіліп, валюта нарығы либералдандырылды, бизнеске салынатын салық жүктемесі азайтылды.

Нәтижесінде, еліміз бен Еуропа Одағы арасындағы экономикалық әріптестікте оң динамика байқалып отыр. 2024 жылы Өзбекстан мен ЕО елдері арасындағы тауар айналымы 6,4 миллиард долларды құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 5,2 пайызға артты. Елімізде Еуропа капиталы қатысқан мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді, ал инвестициялық жобалар көлемі 30 миллиард еуроға жетті. Еуропа Одағымен Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылуы – сауда және инвестициялық байланыстарды тереңдетуге тың серпін береді деп сенеміз.

Біз ЕО нарығына жоғары сапалы, экологиялық таза әрі еуропалық стандарттарға сай өнімдерді көптеп жеткізуге дайынбыз. Қазіргі таңда тиімді көлік-логистика дәліздерін дамыту өзекті бола түсуде. Бұл тұрғыда Орталық Азия Еуропа мен Азия арасындағы жай ғана «көпір» емес, жаһандық экономикалық үдерістердің белсенді қатысушысына айнала алуы мүмкін.

Осы тұрғыда біз Еуропа Одағының «Ғаламдық қақпа» стратегиясын өңірдегі негізгі көлік жобаларымен ұштастыруды, сондай-ақ Транскаспий көлік дәлізін ілгерілетуге арналған бірлескен «Іс-қимыл жоспарын» әзірлеуді ұсынамыз. Бұл – инвестиция көлемінің артуына, инфрақұрылымның дамуына және инновациялық технологиялардың енгізілуіне тың серпін бермек.

Экономикалық өзара байланыстарды сапалы жаңа деңгейге көтеру үшін сауда рәсімдерін жеңілдету, Орталық Азия өнімдерінің Еуропа нарығына қол жеткізуін жақсарту, техникалық стандарттар мен сертификаттау жүйелерін үйлестіру қажет. Сонымен қатар, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, цифрлық экономика мен инновациялық әріптестікті дамыту үдерісіне еуропалық бизнесті кеңінен тарту – ерекше маңызды.

Бұған қоса, біз Еуропа қайта құру және даму банкі, Еуропа инвестиция банкі және басқа да халықаралық қаржы институттары арқылы қаржылық қолдау тетіктерін белсендіруді қолдаймыз. Еуропалық серіктестердің қатысуымен шағын және орта бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау – өңірдің экономикалық тұрақтылығы мен халықтың әл-ауқатын арттыруға қызмет етеді.

 

– Орталық Азия – энергетикалық ресурстарға бай және жаңартылатын энергетиканы дамытуға орасан әлеуетке ие әлемдегі санаулы өңірлердің бірі. Соңғы тенденцияларды ескерсек, өңіріңіз Еуропаның энергетикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуде қандай рөл атқара алады?

– Орталық Азия – тек энергия ресурстарын сенімді әрі тұрақты жеткізуші ғана емес, сонымен бірге көміртегі шығарындыларын азайтуға бағытталған жаһандық үдерістерге айтарлықтай үлес қоса алатын серіктеске айналуы мүмкін.

Каспий және Қара теңіз арқылы Еуропаға бағытталған «жасыл стратегиялық дәлізді» құру жобасында Орталық Азия елдерінің қатысуымен кең ауқымды серіктестікке жол ашатын әлеует бар. Бұл жоба өзара тиімді энергетикалық байланыстардың берік іргетасын қалыптастыруға сеп болмақ.

Жаңартылатын энергетика саласындағы ынтымақтастықты жүйелі түрде жолға қою үшін Орталық Азия – Еуропа Одағының Таза энергия жөніндегі серіктестігін құруды ұсынамыз. Мұндай платформа жасыл сутек, аммиак сынды «жасыл» отын, сондай-ақ биоотын өндіру және оларды қазбалы отынның орнына кеңінен қолдану бағытындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта Өзбекстан мен өңірдегі өзге мемлекеттер жаңартылатын энергетика әлеуетін белсенді түрде арттырып келеді. «Жасыл» энергетика мен климат саласындағы жобаларды жүзеге асыру Орталық Азияда «көміртегі несиелері» нарығын дамытуға жол ашады. Бұл механизм кәсіпорындарға экологиялық таза технологияларға инвестиция тартуға мүмкіндік беріп, көміртегі квоталары саудасы саласында халықаралық ынтымақтастық платформасына айналады.

Мысалы, қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған 14 күн және жел электр станциясына қоса, жалпы қуаты 24 мың мегаватт болатын 50-ден астам жобаны іске асыру жоспарымызда бар.

Алдағы бес жылда жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 54 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз. Бұл парниктік газдар шығарындыларын шамамен 16 миллион тоннаға азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл Өзбекстанның Париж келісімі аясында парниктік газдарды 35 пайызға қысқарту жөніндегі міндеттемелерін мерзімінен бұрын орындауына жол ашады.

Тағы бір маңызды бағыт – энергетикалық жүйелерді жаңғырту. Бұл олардың тиімділігін арттырып, көміртегі ізі көлемін азайтуға септігін тигізеді.

 

– Алдағы саммитте қауіпсіздік мәселелерінің талқылану мүмкіндігін қалай бағалайсыз? Орталық Азия мен Еуропа Одағы арасындағы ынтымақтастықтың қай салалары Сіз үшін ерекше маңызды?

– Біз халықаралық қатынастар жүйесінің терең өзгерістерге ұшырауына куә болып отырмыз. Бүгінде әлемде ауқымды өзгерістер орын алуда, олардың салдарын дәл болжау әзірге оңай емес.

Аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – Орталық Азия елдері үшін әрдайым басым бағыт болып келген және солай болып қала береді. Осы себепті, 2023 жылы біз Орталық Азия мен Еуропа Одағы елдері арасында қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықтың жаңа күн тәртібін сарапшылар деңгейінде талқылау қажеттігін алға тарттық.

Біз жақсы түсінеміз, біздің аймақ та, Еуропа Одағы да қауіпсіздік тұрғысынан ортақ сын-қатерлерге тап болып отыр. Бұл – терроризм, экстремизм, трансұлттық қылмыс, есірткі айналымы сынды мәселелер.

Осы тұрғыдан алғанда, Еуроодақпен қауіпсіздік саласындағы әріптестік – өзара қарым-қатынасымыздың негізгі бағыттарының бірі.

Бүгінгі ахуалды ескере отырып, біз тек бар бағдарламалар аясында жұмыс істеумен шектелмей, киберқауіптер мен экстремизмге қарсы күреске бағытталған жаңа бастамалар әзірлеуді де аса маңызды деп білеміз.

 

– Ауғанстан Өзбекстан сыртқы саясатының маңызды бағыттарының бірі. Көптеген мемлекеттер бұл елдің уақытша үкіметімен ынтымақтастық орнатудан және оны өңірлік әрі халықаралық процестерге тартудан бас тартып жатқан тұста, Өзбекстан оңтүстік көршісімен белсенді қарым-қатынасты жалғастырып келеді.

Өзбекстанның Ауғанстанға осындай ұстаным танытуының себебі неде және бұл бағыттағы екі ел арасындағы ынтымақтастық болашағы қандай?

– Өзбекстанның Ауғанстанға қатысты ұстанымы әрдайым прагматизм мен ұзақ мерзімді стратегиялық қағидаларға негізделіп келген. Біз ешқашан көршімізден теріс айналмай қарым-қатынасты үзген емеспіз. Өзбекстан Ауғанстанның ең жақын және маңызды серіктесі ретінде бұл елмен конструктивті ынтымақтастықсыз оның дамуы мүмкін емес деген ұстанымды үнемі қолдап келеді.

Атап өту керек, Ауғанстанға қатысты жүргізіп отырған саясатымызды бұрын қолдамағандардың көбі бүгінде оның дұрыстығы мен баламасы жоқ екенін мойындауға мәжбүр болп отыр. Ауғанстандағы бұрынғы биліктің белгілі себептермен өз билігін сақтап қала алмайтыны бізге айқын еді. Бұл себептердің қатарында елдіңбұрынғы ұкіметі бүкіл аумағын бақылауға қауқарсыз болуы, оппозициямен диалог орнатуға бейілсіздігі, инклюзивті үкімет құруға ұмтылмауы және мемлекет басқаруының барлық деңгейде сыбайлас жемқорлықтың дендеуі секілді мәселелерді атап өтуге болады.

Қазіргі билік Ауғанстанда жағдайды тұрақтандыруға, ресурстарын әуежайлар, ішкі теміржол желілері, су-энергетика инфрақұрылымын дамытуға және көкнәр егістіктерін қысқартуға бағыттай алды. БҰҰ мәліметінше, 2023 жылы «Талибан» есірткі саудасын тыйғаннан кейін Ауғанстанда көкнәр өсірілетін жер көлемі 95 пайызға қысқарған. Елде көкнәрсіз болашақ құру мақсатында ауыл тұрғындарына көмек көрсетіліп, ауыл шаруашылығының баламалы бағыттары дамытылып жатыр.

Бүгінгі жағдайды ескере отырып, біз Ауғанстанға стратегиялық мүмкіндіктер көзі ретінде қарау қажет деп санаймыз. Бұл елді халықаралық экономикалық үдерістерге тарту, әсіресе инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру – үлкен маңызға ие.

Осы тұрғыдан алғанда, біз Ауғанстанға тек ағымдағы дағдарыстан шығу ғана емес, ұзақ мерзімді даму жолын ұсынатын оң күн тәртібі мен бастамаларды ілгерілету үшін Еуропалық Одақ және басқа да халықаралық серіктестермен бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз. Қазіргі кезеңдегі басым міндет — Ауғанстанға білім беру саласында қолдау көрсетуді жалғастыру, деп санаймыз.

Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру және елді қайта қалпына келтіру – Орталық Азия мен Еуропалық Одақ елдерінің ортақ мүддесіне сай келетініне сенімдімін.

 

– Орталық Азия мен Еуропалық Одақ климат қатерлеріне бірлесіп қалай қарсы тұра алады, бұл саладағы ынтымақтастық үшін қандай мүмкіндіктер бар?

– Климаттың өзгеруі – енді жоққа шығаруға болмайтын қауіп. Орталық Азия қуаңшылық, мұздықтардың еруі және су тапшылығы сияқты күрделі мәселелермен бетпе-бет келсе, Еуропа – аномальды ыстық, орман өрттері және экожүйелердің өзгеруіне куә болып отыр.

Орталық Азия климат өзгерісіне ең осал өңірлердің бірі ретінде өз жауапкершілігін толық сезінеді және Еуропамен ұзақ мерзімді шешімдер бойынша бірлесіп жұмыс істеуге дайын.

Біз үшін сөзсіз басымдық – Орталық Азияда «жасыл» күн тәртібін алға жылжыту.

Самарқанд саммиті аясында біз «жасыл» даму жөніндегі өңірлік тұжырымдама жобасын ұсынуды жоспарлап отырмыз. Бұл құжатта табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және экологиялық таза технологияларды енгізу бағытында тиімді өңірлік әріптестіктің берік негізі қарастырылған.

Біз «ЕО – Орталық Азия жасыл әріптестігі» бағдарламасын дамытуға ұсыныс білдіреміз. Аталған бағдарлама шеңберінде жаңартылатын энергия көздері, экожүйелерді қалпына келтіру және климатты цифрлық бақылау бағыттарында жобаларды қаржыландыруда күш біріктіру мүмкіндігі бар.

Су ресурстарын үнемдеу бағытындағы күш-жігерді үйлестіру – ерекше маңызды.

Бұл тұрғыда біз Еуропалық Одақпен суару инфрақұрылымын жаңғырту, мұздықтарды бірлесіп бақылау және озық су үнемдегіш технологияларды енгізу секілді салаларда үлкен ынтымақтастық әлеуетін көріп отырмыз.

Сондай-ақ ЕО мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тәжірибесін пайдалана отырып, ынтымақтастықты кеңейтуге зор үміт артамыз.

Басым бағыттардың бірі – экожүйелер мен биологиялық алуан түрлілікті қалпына келтіру.

Біз қазірдің өзінде тозған жерлерді, соның ішінде Арал өңірін көгалдандыру бойынша ауқымды жоба – «Орталық Азияның жасыл белдеуі» бастамасын қолға алдық.

Бұл бағытта да Еуропалық Одақпен ынтымақтастық орнатуға үлкен мүмкіндік бар.

Біз экология саласындағы білім беру жүйесін жетілдіру және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге де басымдық беріп отырмыз. Былтыр өңірімізде алғашқы «Жасыл» университетті аштық. Бұл оқу орны бірлескен зерттеулер жүргізу мен инновацияларды ендіруге тиімді алаң бола алады.

 

– Алдағы жоғары деңгейдегі кездесуден қандай үміт күтесіз? Саммит нәтижесінде қандай жетістіктерге қол жеткенін қалайсыз?

– Бұл жолғы саммит, шын мәнінде, тарихи оқиға болмақ. Себебі алғаш рет Орталық Азияның бес мемлекеті мен Еуропалық Одақтың басшылары бір алаңда бас қосады.

Біз осы саммит Орталық Азия мен Еуропалық Одақ арасындағы қатынастарды дамытуда жаңа кезеңнің бастауына айналады деп сенеміз. Соңғы жылдары ынтымақтастығымыз сапалық тұрғыдан мүлде жаңа деңгейге көтерілді.

Біздің күткеніміз – саяси диалогты тереңдету, өзара іс-қимылды жүйелі жолға қою, ортақ ұзақ мерзімді мақсаттарға бағытталған жаңа тетіктерді қалыптастыру. Саммиттің күн тәртібінде аймақаралық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері, әсіресе экономика, сауда, энергетика және көлік салаларындағы серіктестікті нығайту негізгі орын алады.

Самарқанд декларациясының қабылдануы саммиттің басты қорытындыларының бірі болуы керек. Бұл құжат тараптардың стратегиялық серіктестікке ұмтылысын айғақтап, қол жеткізілген уағдаластықтарды бекітіп қана қоймай, өңірлер арасындағы қатынасты тереңдетуге берік негіз қалайды.

Біз инвестициялық әріптестікті кеңейту, бірлескен инфрақұрылым жобаларын іске асыру, инновация мен цифрлық шешімдерді қолдау бойынша нақты уағдаластықтарға жетуді көздеп отырмыз.

Әрине, көптеген сауалдарға саммит барысында нақты жауап табылады. Бірақ қазірдің өзінде айтуға болады, бұл кездесу Еуропалық Одақ пен Орталық Азия арасындағы тұрақты әрі өзара тиімді серіктестікті құру жолындағы маңызды қадам болады. Бұл серіктестік – ортақ мүдде, сенім мен бірлескен өркендеуге ұмтылыстан туындайды.

 

– Егер Сіздің Еуропа көшбасшылары мен азаматтарына бір маңызды ойды жеткізуге мүмкіндігіңіз болса, не айтқан болар едіңіз?

– Бүгінгі мүмкіндікті пайдалана отырып, еуропалық серіктестерімізге үн қатқым келеді.

Орталық Азия диалог пен әріптестікті кеңейтуге ашық. Біз тұрақты даму мен халықтарымыздың әл-ауқатын арттыруға қызмет ететін, өзара сенім мен мүддеге негізделген сындарлы ынтымақтастықты қолдаймыз.

Біз Еуропалық Одақтың өңіріміздің ашықтығын қамтамасыз ету, оның гүлденуі мен халықаралық аренадағы дербестігін нығайтуға бағытталған ұмтылыстарымызды қолдап отырғанын жоғары бағалаймыз. Әсіресе, Еуропалық Одақтың Орталық Азияны тұрақты әрі серпінді дамып келе жатқан, барлық мүдделі тараптармен ашық әрі тең құқылы серіктестікке дайын өңірге айналдыру жолындағы мақсаттарымызға қолдау білдіруі аса маңызды.

Алда өтетін саммит өзара байланыстарымызда жаңа маңызды кезең болады. Біз Самарқандтағы кездесудің қорытындылары өзара серіктестігімізді одан әрі тереңдетуге тың мүмкіндік ашады деп сенеміз.