Oʻzbek
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Мемлекет басшысы азық-түлік өнімдерін өсіру және халық табысын арттыру жөнінде кеңес өткізді
23:18 / 2022-07-18

Президент Шавкат Мирзияевтің төрағалығымен 18 шілде күні азық-түлік өнімдерін өсіру және халық табысын арттыру мәселелеріне арналған бейне байланысты кеңес өтті.

Әлемде азық-түлік тапшылығы артып келе жатқаны белгілі. Экспорттағы шектеулер мен көлік және логистикадағы үзілістер мәселені ушықтыруда. Сараптамаға сәйкес, биыл әлемде азық-түлік тауарларының бағасы кем дегенде 20 пайызға өседі деп күтілуде.

Өзбекстандағы халық табысының 40-50 пайызы азық-түлікке жұмсалады. Сондықтан мұндай өнімдерді көбейту арқылы бағаның халықтың тұрмыс-тіршілігіне әсерін азайту шаралары қолға алынуда.

Атап айтқанда, жыл басында 80 мың гектар мақта және астық алқаптары қысқартылып, халыққа берілді. Халыққа тұқым, көшет, тыңайтқышпен көмектесу үшін «Tomorqa сервис» іске қосылды. Биылдың өзінде шаруа қожалықтарында егін өсіруге 400 миллиард сум жеңілдетілген несие берілді.

Осындай мүмкіндіктердің нәтижесінде өндіріс көлемі артып, баға реттелуде. Соңғы бір айда ішкі нарықта қызанақтың орташа бағасы 3 есеге, қияр 10 пайызға, картоп 30 пайызға, сәбіз 15 пайызға арзандаған. Сондай-ақ, 6 айда 821 мың тонна жеміс-жидек пен көкөніс экспортталды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 102 мың тоннаға артық.

Тағы бір маңызды жайт, осы бөлінген жерлерде 785 мың адам жұмыспен қамтылды.

Жиында аудан-аудандардағы оң тәжірибелер мен кемшіліктер де ашық айтылды.

Атап айтқанда, 80 мың гектар жердің 16 мың гектары халық шоғырланған аймақтан шалғай және суару қиын орында болғандықтан иесін таппай отырғаны айтылды. Сондықтан әкімдерге мұндай жерлерді халыққа ыңғайлы жерлерге ауыстыру тапсырылды.

Мемлекет басшысы тұрғындардың ұсыныстары негізінде жаңа мүмкіндіктерді айқындап берді. Жыл соңына дейін тағы 20 мың гектар, ал келесі жылы 100 мың гектар егістік жер тұрғындарға берілетіні айтылды. Сонда барлығы 200 мың гектар болады.

- Бұл тамаша мүмкіндік. Осы арқылы қосымша 1 200 000 адамды жұмыспен қамтуға жағдай жасалуда. Ең бастысы, аудан әкімі мен көмекшісі бұл мәселеге есеппен қарайтын болса, азық-түлік пен жұмыссыздардың мәселесін оңай шеше алады, – деді Шавкат Мирзияев.

Халыққа өнім өндіру мен өткізуге көмектесу мақсатында елді мекендерге өнімді тұқымдар мен көшеттерді жеткізуге, шағын тоңазытқыштар орнатуға, жылыжайлар санын арттыруға тапсырыстар берілді.

Бүгінде 64 ауданның халқы шаруа қожалығында 3 өнім алуда. Егін жақсы болса, бір отбасы 60-100 миллион сумға дейін табыс таба алады.

Мемлекет басшысы мұндай жұмыстарды басқа аудандарда да ынталандыру керектігін айтты.

Атап айтқанда, сумен қамтамасыз ету қиын аудандарда үлкен құдық қазу шығындарына бөлінген субсидия көлемін 150 миллион сумға дейін арттыру туралы шешім қабылданды. Шағын құдықтарға Қарақалпақстанда 5 метр, басқа облыстарда 10 метрден артық тереңдіктің әр метріне 100 мың сум субсидия беріледі.

Құдық қазу бойынша гидрогеологиялық қорытындылар 2025 жылға дейін тегін беріледі. Суды үнемдейтін технологияларды енгізуге субсидиялар шаруа қожалықтарына да қолданылады.

Шаруа қожалықтарына қатысты тағы бір мәселе – республикада 2 миллион 600 мың шаруашылықтың кадастрлық құжаттары жоқтығы. Тұрғын үйді кеңейту үшін үй иелерінің несие, субсидия және ипотеканы пайдалана алмайтыны туралы Халық қабылдау орталықтарына көптеген өтініштер түсуде.

Сонымен қатар, кадастр болмағандықтан, жер салығы 3 есе өлшемде есептеледі.

Әділет министрлігіне кадастрсыз үйлер мәселесін шешу үшін жеке заң жобасын әзірлеу тапсырылды. Жаңа заң қабылданғанша бұл үйлерге салынатын үш еселік салық тоқтатылады.

Жиында ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелер де сөз болды.

Шілде айының соңына дейін әкімдіктерге 820 мың гектар алқапқа қайта егіс егіліп, келесі жылға дейін жеткілікті қор жасау арқылы 11 миллион тонна өнім өсіру міндеті жүктелді.

Биылғы жылы астық өсіру мен сатып алуды қаржыландырудың жаңа жүйесі іске қосылғаны белгілі. Фермерлерге тартымды баға ұсыну өз жемісін берді. Шілде айында биржаға 88 мың тонна бидай жіберілуіне байланысты 1 тонна бидайдың орташа бағасы 30 пайызға арзандады.

Мемлекеттік ресурсқа 1 млн 842 мың тонна астық сатып алынды. Шаруалар мен кластерлер астық кәсіпорындарына қоймаға 574 мың тонна астық қойды.

Жауапты азаматтарға бұл астықты биржаға жүйелі түрде шығарып, 1 қазанға дейін фермер және кластерлермен толық есеп айырысуды тапсырды.

Президент мемлекеттік органдардың тиімділігі мен атқарушылық жауапкершілігін арттыру туралы айтты.

– Самарқанд облысындағы зерттеулер көптеген кемшіліктерімізді көрсетті. Ең қиын да күрделі реформалар әлі алда. Барлығы өзгеруі, өзінің жұмыс тәсілін де өзгертуі керек, – деді Мемлекет басшысы.

Министрлер кабинеті, министрліктер мен басқармалар құрылымы және жұмыс әдістерін өзгерту қажет екені баса айтылды. Әділет министрлігіне заңнаманы жеңілдетіп, тұрғындар мен кәсіпкерлерге қолайлылықты арттыру тапсырылды.

Есеп палатасына қаражатты игеру, әсіресе құрылысты қаржыландыру, субсидиялау және өтемақы бөлу процестерін цифрландыру міндеті жүктелді.