Мемлекет басшысына автокөлік жолдары құрылыс жобаларының жүзеге асу барысы туралы ақпарат берілді.
Бүгінде Өзбекстанда жалпы ұзындығы 184 мың шақырымнан асатын автокөлік жолдары бар. Талдауларға сүйенсек, халықаралық маңызға ие жолдардың 25 пайызы шамадан тыс жүктемемен жұмыс істеп тұр. Мәселен, тәулігіне 32 мың автокөлікке есептелген «Ташкент – Самарқанд» жолында күніне 45 мың көлік қатынауда. Кептелістердің салдарынан бұл бағытта жүруге кейде 6 сағатқа дейін уақыт кетеді. Ал 2030 жылға қарай көлік ағыны 80 мыңнан асып кетуі мүмкін.
Өзбекстан Президентінің 2023 жылғы 10 қазандағы қаулысында заманауи автокөлік жолдарын дамыту перспективалары айқындалған. Бұл бастамадағы негізгі мақсат – ең алдымен, халық үшін қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ ұлттық экономикадағы логистикалық тізбектерді нығайту.

Қаулыға сәйкес, Ташкенттен Самарқандқа және Әндіжанға апаратын баламалы жолдар салу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Дүниежүзілік банк қатысуымен «Ташкент – Әндіжан» автожолы жобаланып, 2024 жылдың қаңтарында оның құрылысына арналған халықаралық тендер жарияланды. Қысқа уақыт ішінде бұл тендерге 30-дан астам беделді шетелдік компания қызығушылық білдірді.
Жалпы ұзындығы 314 шақырым болатын бұл жоғары жылдамдықты магистрал пайдалануға берілгеннен кейін Ташкент пен Әндіжан арасындағы қатынау уақыты 5 сағаттан 3 сағатқа дейін қысқарады. Сонымен қатар, бұл жобаның нәтижесінде жалпы ішкі өнім 2,6 пайызға артып, жол-көлік оқиғалары 40 пайызға қысқаруы мүмкін.
Тағы бір жоба – Ташкент пен Самарқандты қосатын қосымша жол салуға бағытталған. Бұл жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі шетелдік мамандардың қатысуымен дайындалған. Жаңа жолдың ұзындығы шамамен 300 шақырым болмақ. Ол іске қосылған соң, Ташкент пен Самарқанд арасындағы жол жүру уақыты 4,5 сағаттан 2,5 сағатқа дейін қысқарады. Нәтижесінде қазіргі қолданыстағы жолдағы көлік кептелісі едәуір азаяды.

Жалпы алғанда, бұл жаңа жолдар барлық заманауи талаптарға жауап беретін, баламалы және ыңғайлы бағыт болмақ. Жол бойында жүргізушілер мен жолаушылар үшін түрлі ақылы қызметтер көрсетіледі. Құрылыс жұмыстарына жергілікті құрылыс компаниялары да қатысуы мүмкін.
Көлік министрі осы жобалардың жүзеге асу барысы бойынша презентация жасап, геодезиялық жұмыстарды жеделдету, жол аумақтарын дайындау, құрылысқа қаржы мен мердігерлерді тарту мәселелері талқыланды.