Президент Шавкат Мирзиёев «ADM Jizzakh» автозауытының жұмысымен танысты.
Бұған дейін Жызақ облысы индустриялық көрсеткіштері төмен өңірлердің бірі болатын. Бүгінде өнеркәсіп әр ауданға енді.
«Жызақ» еркін экономикалық аймағы аймақтық өнеркәсіпті дамытуда маңызды рөл атқаруда. Өнім өндіру бойынша республикада үшінші, ал экспорт көлемі бойынша алтыншы орында.
Кейінгі жылдары оның жұмысы жақсарып, өндіріс орындары кеңейтілді. Бүгінде индустриялық аймақта 33 жоба жүзеге асырылып, 7670 адам жұмыспен қамтылған.
«ADM Jizzakh» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі индустриялық аймақта тиімді жұмыс істеп жатқан кәсіпорындардың бірі. Ол 2021 жылы құрылған. Кейінгі үш жылда «Kia», «Chery» және «Haval» маркаларымен 23 түрлі 36 мың автокөлік шығарылды.
Жоба аясында 234 миллион АҚШ доллары көлеміндегі қаражат игеріліп, 1 мың 800 жұмыс орны ашылды.
Бірінші кезеңде үлкен түйінді жинақ іске қосылды. Бұл ретте зауытты кеңейту жұмыстары жүргізіліп, жаңа ғимарат пен қуаттылық осы жылдың наурыз айында пайдалануға берілді. Яғни, жоғары технологияларды тарту арқылы штамптау, дәнекерлеу, бояу, құрастыру сияқты өндірістік процесс жолға қойылды.
Мемлекет басшысы зауыттағы өндіріс барысымен танысты.
Кәсіпорын жоғары технологиялық жабдықтармен жабдықталған. Олар Оңтүстік Корея, Жапония, Германия сияқты елдерден әкелінген. Зауытта 30 робот бар, өндіріс процесі 33 пайыз автоматтандырылған. Көліктің жүріс бөліктерін реттеу, статикалық және динамикалық тежеу жүйесін тексеру жабдықтары орнатылған.
Мемлекет басшысы зауыттағы жергіліктендіру деңгейін арттыру және республиканың өнеркәсіптік кәсіпорындарымен ынтымақтастықты кеңейту жөнінде тапсырмалар берді.
Бұл ретте жұмыстар әлдеқашан басталған. 2024-2027 жылдары құрамдас бөліктердің 348 түрін жергіліктендіру жоспарланған. Қазіргі таңда республикадағы 21 кәсіпорынмен кооперация жүйесі жолға қойылған.
Жалпы, кәсіпорында жылына 100 мың жеңіл автокөлік шығаратын өндіріс қуаты жасалынады. Соның нәтижесінде алдағы уақытта жұмыс орындарының санын 3 мыңға дейін жеткізу көзделген.
Автокөліктердің сапасын одан әрі жақсарту мақсатында Оңтүстік Корея, Үндістан, Қытай және Вьетнам елдерінен білікті мамандар шақырылды. Осыған орай, шетелдік серіктестермен бірге биылдан бастап 50 инженерді Оңтүстік Корея мен Қытайдағы ғылыми-зерттеу және жобалау орталықтарына оқытуға жіберу туралы шешім қабылданған.
Мемлекет басшысы зауытта шығарыла бастаған жаңа «Kia Sonet» көлігін көрді.