Мексикада дүкенде болған өрт салдарынан 22 адам қаза болды
Мексиканың солтүстік-батысындағы Эрмосильо қаласындағы дүкенде болған ірі өрт салдарынан кемінде 22 адам қаза тапты.
El Universal басылымының хабарлауынша, қаза болғандар арасында төрт бала бар. Тағы 12 адам әртүрлі дәрежедегі күйік жарақаттарымен ауруханаға жеткізілген.
Өрт дүкеннің кіреберіс маңында болған жарылыстан кейін басталып, кейбір сатып алушылар іште қалып қойған. Өрт сөндірушілер тілсіз жауды ауыздықтауға қол жеткізген.
Сонора штатының билігі техникалық ақаулық пен жанғыш материалдардың бар болуы мүмкін деген болжам негізінде оқиға бойынша тергеу бастады. Штат губернаторы Альфонсо Дурасо қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, жараланғандарға көмек көрсетуді тапсырды.
Эрмосильо қалалық әкімдігі мәдени фестиваль аясында жоспарланған барлық іс-шараларды тоқтатты.