Мексика 26 есірткі баронын АҚШ-қа тапсырды
Мексика есірткі картельдеріне қатысы бар деген күдікке ілінген 26 адамды АҚШ-қа экстрадициялады.
«Аталғандардың барлығы АҚШ аумағына зорлық-зомбылық пен есірткінің жеткізілуіне қатысқан және өз қылмыстары үшін қатаң жауап береді», — деген АҚШ-тың бас прокуроры Пэм Бонди.
Reuters хабарлауынша, экстрадицияланғандардың қатарында Los Cuinis тобының жетекшілерінің бірі – «Эль Куини» лақап атымен белгілі Абигайель Гонсалес Валенсия; «Рыцарь тамплиерлер» картелінің бұрынғы басшысы, «Ла Тута» лақапты Сервандо Гомес Мартинес және қылмыс әлемінде үлкен ықпалға ие басқа да мүшелер бар.
Айта кетейік, Мексика биыл ақпанда АҚШ-қа 29 картель мүшесін тапсырған болатын.
Ал шілде айының соңында Дональд Трамп қауіпсіздік және заңсыз көші-қонмен күресте ынтымақтастық жасағаны үшін Мексикаға кедендік баж салығын енгізуді 90 күнге шегеруге келіскен еді.