Ташкентте ақын, ағартушы, этнограф Мекембай Омарұлының көп жылдар бойы жинақтаған шежірелі Ташкент қазақтары туралы және ақын шығармаларын еске алуға арналған кітап жарық көрді.
Өзбекстандағы Қазақ ұлттық мәдени орталығының құрылғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған мерейлі басқосуда Мекембай Омарұлының «Ташкент қазақтарының рулары және мәдени өмірі» атты кітабы мен ақынды еске алуға арналған «Ұлағатты ұстаз» деген атаумен жарыққа шыққан туындының таныстырылымы өтті.
«Ташкент қазақтарының рулары және мәдени өмірі» атты кітапта Ташкент төңірегінде (қала, облыс) дүниеге келіп, әр өңірде, әр салада еңбек ете мемлекет пен қоғамның дамуына өлшеусіз үлес қосқан қазақтың танымал азаматтары туралы баяндайды.

Кітап көпшілік қауымға арналған болып, оқырман бұл туындыдан құнды деректер мен тарихи мағлұматтардан хабардар болмақ.
«Ұлағатты ұстаз» атты туынды да ақын Мекембай Омарұлының шығармашлығы және замандас, қаламадас жолдастарының ақын жайлы естеліктері топтастырылған. Естеліктер мен толғаулар жинағын топтастырған марқұм ақынның замандасы Рабия Өсерова және шәкірті Шорабатыр Төребеков.
Өзбекстан және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі - ақын Мекембай Омарұлы 2021 жылдың 6 тамызы 73 жасқа қараған шағында өмірден өткен.
Шығармашылық еңбек жолында Өзбекстаннан шығатын қазақ тілді «Достық туы» (қазіргі «Нұрлы жол») газетінде журналисттік қызметте жүріп әдебиет бөлімін басқарды. Өз шығармашылығын шыңдай білген ақынның трочествосы тек бір тілде жалғасқан жоқ. Ол қазақ және өзбек әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған ақын ретінде екі ел Жазушылар одағының мүшесі атанды. Көп жылдық талмай атқарған ізденістер еңбегінің арқасында Туран ғылымдар академиясының құрметті академигі болды.
Көрнекті қаламгердің «Махаббат» (Ташкент, 1999), «Атамекен» (Алматы, 2008), «Таудай бол» (Ташкент, 2009), «Төрткүл дүние» (Алматы, 2011), «Күн күлкісі» (Ташкент, 2013), «Ай астындағы айналайындар» (Алматы, 2017), «Ақыл қайрағы» (Ташкент, 2018) жыр жинақтары мен «Ең тәтті алмалар» (Алматы) деп аталған әңгімелер мен хикаяттар топтамасы және «Шанышқылы шежіресі» тарихи-танымдық кітабы (Ташкент, 2000) «Өбекстандық қазақ ақындары жырларының антологиясы» (кітабының құрастырушысы, Ташкент-2017) оқырманмен қауышты.