Майк Помпео COVID-19 жұқтырған жанмен байланыстан кейін карантинге кетті
АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео коронавирус жұқтырған адаммен байланыста болғаннан кейін өзін оқшаулаған.
CNN Мемлекеттік департаменттің өкіліне сілтеме жасай хабарлаған мәліметінде айтылуынша, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео COVID-19 жұқтырған жанмен байланысқан. Содан кейін ол коронавирусқа тест тапсырған, алайда нәтижесі теріс көрсеткен. Дегенмен АҚШ әкімшілігінің ұсынымдарына сәйкес ол карантинге алынды және жеке ақпараттың қорғалуына байланысты індет жұқтырған науқастың аты-жөні аталмайды,- делінген.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, Америка Құрама Штаттары коронавирустық инфекцияның тарауы мен өлім саны бойынша әлемде көшбастап келеді. Елде 17,1 миллионнан астам адам вирусты жұқтырып, 312 мың адам осы аурудан қайтыс болған.