Өзбекстан Сауда-өнеркәсіп палатасында кәсіпкер әйелдердің Оман Сұлтандығының Төтенше және Өкілетті Елшісі Вафо Жабр Насыр Әл-Бусайдий ханыммен кездесуі ұйымдастырылды.
Кездесу барысында өзбекстандық кәсіпкерлердің Оманға сапарынан күтілетін нәтижелер мен болашақ ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Өз кезегінде Елші ханым ел Президентінің бастамасымен Өзбекстанда әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға ерекше назар аударылып жатқанына жоғары баға беріп, бұл бағыттағы реформалардың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, екі ел арасындағы әріптестікте әйелдердің бастамалары ерекше рөл атқаратынын жеткізді.
– Өзбекстандағы қызметімді бастаған алғашқы күндерімнен-ақ екі елдің кәсіпкер әйелдерін қолдауға үлес қосуды мақсат тұтқан едім, – деді Вафо Әл-Бусайдий ханым. – Сондықтан біздің ынтымақтастығымыздың дамып келе жатқанына қуаныштымын.
Кездесуде сапарды жоғары деңгейде ұйымдастыру және өткізу бойынша жоспарлы жұмыстарды бірлесіп жалғастыру жөнінде келісім жасалды.