Малиде жексенбі, 18 маусымда Конституцияға түзетулер енгізу бойынша референдум өтті.
«aBamako» жаңалықтар порталының хабарлауынша, экстремистік топтардың бақылауындағы бірнеше аймақтарды қоспағанда, бүкіл елде таңертең сайлау учаскелері ашылып, оған Малидің 8,4 миллион азаматы шақырылды.
Портал дерегінше, конституция жобасына дауыс беру Малиде екі әскери төңкерістен кейін конституциялық тәртіпке оралу үдерісін күшейтеді.
«Референдум мемлекеттің жаңғыру үдерісіндегі маңызды қадам болады. Референдум малиліктердің өз егемендігі жолындағы қаһармандық күресінде жаңа бетті ашады, - деді дауыс беру қарсаңында халыққа сөйлеген сөзінде Мали өтпелі кезеңінің президенті Ассими Гойта.
Ол барлық азаматтарды сайлауға келіп, өз таңдауын жасауға шақырған.
Малидің жаңа конституциясының жобасын арнайы комиссия дайындады және ол 1992 жылы күшіне енген негізгі заңды ауыстырмақ. Референдумға шығарылған құжат 191 баптан тұрады және мемлекет басшысының өкілеттігін айтарлықтай кеңейтеді. Онда Мали президенті ұлт саясатын белгілейтіні, үкімет басшысы мен министрлерді тағайындайтыны, сондай-ақ олардың өкілеттіктерін тоқтататыны айтылған. Үкімет қазіргідей парламентке емес, мемлекет басшысына есеп береді.