Малайзиядағы тарихи қолжазбалардың көшірмелері Өзбекстанға жеткізіледі
Малайзияда Ислам өркениеті орталығының директоры Фирдавс Абдухолиқовқа Өзбекстан мәдени мұрасына қатысты тарихи қолжазбалардың факсимиле көшірмелері тапсырылды.
Атап айтқанда, Әбу Райхан Берунидің «Әт-Тафхим» және Абулқасым Фирдавсидің Темуридтер дәуірінде көшірілген «Шахнама» шығармалары тапсырылды.
Ислам танымы және өркениеті институтында ұйымдастырылған шараға Өзбекстан елшісі Каромиддин Гадоев те қатысты.
Қолжазбалар Ислам өркениеті орталығының тарихи экспозициясында көрсетілуі жоспарланып отыр.
Айта кетейік, өткен жылдың желтоқсан айында Малайзиядағы Халықаралық Ислам танымы және өркениеті институты жанындағы Ислам өркениеті кітапханасынан Өзбекстан мәдени мұрасына қатысты тарихи қолжазбалар табылғаны туралы хабарланған еді.