Малайзияның «Mutiara Perlis S Bhd» компаниясы Әндіжан облысында, Термез қаласында және «Олот» ауданында құрлық порттарын салу мүмкіндіктерін зерделеуде. Бұл ретте Өзбекстанның Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік өңірлері арасындағы транзиттік әлеуеті ескеріледі.
Өзбекстанның Малайзиядағы елшісі Каромиддин Гадоев пен «Mutiara Perlis S Bhd» компаниясы директорлар кеңесінің атқарушы төрағасы Шабаруддин Ибрахимнің кездесуі барысында осы жобаларды іске асыру жайы талқыланды.
Кездесуде Әндіжан облысында Өзбекстан–Қырғызстан шекарасына жақын жерде, Термез қаласында және «Олот» ауданында құрлық порттарын салу жобалары бойынша пікір алмасылды. Компания бұл бастамада өзінің тәжірибесін және Өзбекстанның транзиттік мүмкіндіктерін пайдалану ниетін білдірді.
Шабаруддин Ибрахим Қытай–Қырғызстан–Өзбекстан теміржолының маңызына тоқталып, жақын болашақта Әндіжанда құрлық порты салу ұсынысына ерекше қызығушылық танытты. Ол бұл жобаны өзбек тарапымен өзара ынтымақтастықта жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.
Сонымен қатар тараптар Өзбекстанды Оңтүстік-Шығыс Азия аймағымен байланыстыратын көлік дәліздерін жетілдіру және жаңа көлік бағыттарын ашу перспективаларын талқылады. Атап айтқанда, Өзбекстанды Қытаймен байланыстыратын Қашқар–Торугарт–Макмал–Жалалабад–Әндіжан жаңа теміржол желісін салу және Орталық Азияны Оңтүстік Азиямен байланыстыратын Трансауған халықаралық теміржолы жобасының өңірдің сыртқы сауда айналымына оң әсері жайлы пікір алмасылды.
Айта кетсек, «Mutiara Perlis S Bhd» 2018 жылы Перлис штатында инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға маманданған компания ретінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде құрылған. Қазіргі кезде компания Малайзияда Перлис құрлық порты, Перлис теңіз жолы және Перлис энергетикалық орталығы секілді ірі жобаларды жүзеге асырып келеді.