Венесуэла оппозициясының жетекшісі Мария Корина Мачадо Вашингтонда АҚШ президентімен кездесіп, оған өзіне берілген Нобель бейбітшілік сыйлығын табыстады.
Reuters агенттігінің жазуынша, Трамп Мачадоның бұл ишарасын жоғары бағалап, медальді өзінде қалдырмақ.
АҚШ президенті Дональд Трамп бейсенбіде Венесуэла оппозициясының жетекшісі Мария Корина Мачадомен кездесті. Кездесу Вашингтон Венесуэла басшысы Николас Мадуроны «қолға алғаннан» кейін, елдің болашағын талқылау мақсатында өтті.
Ақ үйдегі кездесуден кейін, өткен жылы Нобель бейбітшілік сыйлығының лауреаты атанған Мачадо журналистерге өзінің Нобель медалін Трампқа «оның бостандыққа деген айрықша адалдығын мойындау белгісі ретінде» «табыстағанын» айтты. Қысқаша мәлімдемесінде ол кездесудің АҚШ президентімен жақсы өткенін, сондай-ақ оның жақтастары Трампқа сенім арта алатынын атап өтті.
АҚШ президенті Мария Корина Мачадоның өзіне Нобель бейбітшілік сыйлығын «табыстау» қадамын жоғары бағалады. «Мария маған атқарған істерім үшін Нобель бейбітшілік сыйлығын тапсырды. Бұл өзара құрметтің тамаша ишарасы болды. Рақмет, Мария!» — деп жазды Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.